Неге біздің әкелеріміз қыздарынан өзін алыс ұстайды?

0
664

ТикТок әлеуметтік желісінде қыздарға қатысты видео салған Дара Стамбул қызықты мәліметтермен бөлісті деп жазады Democrat.kz.

«Түркияда қыздарға деген қарым-қатынас басқаша. Олардың қыздарының еркелігі тіпті ерекше. Түріктер ұлдан гөрі қызды қатты еркелетіп, айтқанын орындап, «сен ханшайымсың», «сен сұлусың», «сен бәрінен жоғарысың», «ешкімге басыңды име» деп өсіреді екен. Содан болса керек, олардың қыздарының көбі өздерін таптатып қойып, қарап отырмайды. Сонымен қатар түріктерде әке мен қыз байланысы ерекше. Әкесінің қызына деген ерекше мейірімі, сүйіспеншілігі тіпті керемет», — деген блогер қазақ қыздарының әкеден көп мейірім ала бермейтінін алға тартты.

Айтылған дүние — шындық. Түркияда бірнеше жыл өмір сүрген адам ретінде мұндай көріністің талайына куә болдық. Әсіресе қалалық жерлерде қызының асты-үстіне түсіп өбектеген әкелерді көріп, таңғалатынбыз.

«Айым, күнім, жарық жұлдызым, әлемдегі ең сұлу аруым, ғашығым, музам» деген сыңайдағы сөздерді түрік әкелер қыздарына елжірей айтқанда… өзіміздің қазақ әкелерді салыстырып, мұңайып қалатынбыз.

«Әкем екеуміз киноға бардық. Әкеммен кешкі тамақты кафеде ішіп, армансыз сырластық. Әкем — өмірдегі ең үлкен ұстазым» деген сөздерді түрік қыздарынан жиі еститінбіз. Таңғалатынбыз.

Біздің әкелеріміздің көбі қызын еркелету былай тұрсын, қызымен шүйіркелесіп отырып шай іше де бермейді ғой. Соның салдары болса керек, жар таңдауда көп қателесеміз.

Себебі қыз  әкесі арқылы басқа еркектерді тануы керек екен. Еркектердің болмысын әке ғана қызымен сөйлесу арқылы түсіндіре алады екен.

Өкінішке қарай, әкемен сырласу былай тұрсын, әлдебір проблемамызды бөлісе алмаймыз.

Иә, Түркияда да әйелге жасалатын зорлық-зомбылық жағдайы өте жиі кездеседі. Бұған қатысты статистика мәліметін ақтарып көргенімізде, ондай оқиғалардың басым бөлігі елдің шығыс бөлігінде және ауылдарда көп орын алады екен.

Ал Қазақстанда әйелді қорлау, әйелді кемсіту, ұрып-соғу қай аймақта өте көп кездеседі? Ойланып көріңізші. Неге ол аймақтарда жылаған қыздарымыз көп?

Дайындаған — Ұлжан БАҚЫТҚЫЗЫ.

Фото көрнекілік үшін алынды.