Қаралы үйде көңіл айтқанда сөзді дұрыс қолданайық

0
1202

Шыны керек, кейде адамдар қайғы жұтқан жанға не айтарын білмейді. Себебі көңіл айтуды еш жерде үйретпейді және дәл сол сәтте ол сізден не естігісі келіп тұрғанын білмеуіңіз мүмкін.

Қандай сөздер қайғырып отырған адамның жанын одан сайын жаралайды? Толығырақ Massaget.kz материалында.

Психолог Гүлназ Тоқтасынқызы баласынан айырылған ата-ана қандай күйде болатынын айтты.

«Қазаның жүгі ауыр дейтін болсақ, ал ата-ана үшін баласынан айырылу бұл жүктің салмағын еселей түседі. Ата-бабамыз «аталатсаң да, боталатпа» деп бір сөзбен мұның ең ауыр қаза екенін айтып кеткен. Баладан айырылу — өмір нәрінен айырылу деген сөз. Болашағын баламен байланыстыра жоспарлаған ата-ананың өмірге құрған бүкіл үміті үзіледі. Жан жүрегін жұлмалаған өкініш пен өксік тұла бойын билеп, ешкіммен сөйлесуге құлқысы болмай, құса болады», — дейді ол.

Психолог көпшілік жіберетін қателіктерді атады. Ол қайғырып отырған адамның эмоциясын тұншықтыруға әкелетін сөздерді айтпауға кеңес берді.

«Әдетте жақынын жоғалтқан адамға сабырлы бол, жылама, мықты бол деп жұбатып, жоқтау айтып отырған адамның эмоциясын тұншықтыруға шақырып жатады. Бұны психолог ретінде қолдай алмаймын. Себебі денеде пайда болған эмоцияны қауіпсіз жолмен шығармаған жағдайда түрлі дерттерге айналатыны ғылыми түрде дәлелденген.

Қайғырып отырған адамның эмоциясы өте нәзік болады. Кез келген сөз жараның бетін тырнап, жүрегіне терең із қалдыруы мүмкін. Сондықтан да қабырғасы қайысып отырған адамға орынсыз сөз айтып, ауырлық түсіруден аулақ болайық. Бар болғаны «қайғырып көңіл айтамын» деп, оның жанын түсініп тұрғаныңызды жеткізгеніңіз жеткілікті», — дейді маман.

Баласынан айырылған ата-ана бастапқы кезде күнделікті істерге әлі келмей қалады. Психолог қайғырып отырған отбасыға физикалық көмек артық болмайтынын айтты.

«Жоқтаушы адам қайғыны көпшіліктің қолдауымен еңсереді. «Қайғы — бөліссең азаяды» дейді қазақта. Осы тұрғыдан халықтық салт, өлімнің ғұрпы — жоқтаудың маңызы зор.

Қара жамылған отбасына қол ұшын берудің ең тиімді жолы — физикалық және эмоционалдық қамқорлық көрсету. Мысалы, қазан-ошақты құру, дастарқан жаю, көңіл айтып келген адамдарды күтіп алып, шығарып салу, жерлеу рәсімдерін ұйымдастыру, жанында болып, оны тыңдау және т.б», — дейді Гүлназ Тоқтасынқызы.

Психолог жақынынан айырылған адамдарға маманмен жұмыс істеуге кеңес берді. Себебі жоқтау 5 сатыдан тұрады және ол 2 жылға дейін созылады. Оның айтуынша, кәсіби мамандар оларға бұл процесті сәтті өткеруге көмектеседі.

Егер мұндай адамға қолдау көрсеткіңіз келсе, сіз:

кәсіби маман көмегін ұсына аласыз (дәрігер, психотерапевт және т.б);

ата-анаға баласынан айырылғаны жайлы қанша айтқысы келсе, сонша айтуына мүмкіндік беріңіз;

көмектесуге дайын екеніңізді білдіріңіз (қандай көмек көрсете алатыныңызды анықтаңыз).

Баласынан айырылған адамдарға қандай сөздерді айтуға болмайды?

Қайғысын құнсыздандыратын сөздер: «Сендер әлі жассыңдар, тағы да туып аласыңдар», «Басқа балаларың үшін өмір сүріңдер»;

Қайғыны жылдам өткеруге итермелейтін сөздер (бұл процесс әр адамда әрқалай): «Өздеріңді қолға алып, өмір сүруді жалғастырыңдар», «Оны жіберу керексіңдер»;

Эмоциясын тұншықтыруға әкелетін сөздер: «Көп жылама», «Уайымдай берме», «Күлме, басқалар не ойлайды», «40 күн өткенше үйде отыр», «Сендер мықтысыңдар!», «Мықты бол!»;

Ата-ананы кінәлайтын сөздер: «Баланы өзін үйде қалдырмау керек еді», «Баламен көп уақыт өткізу керек ед» және т.б;

Басқа жағдайлармен салыстыратын сөздер: «Мен сені түсініп тұрмын, мен де жақын адамымнан айырылдым», «Бір танысым жалғыз баласынан айырылды, ал сенің үш балаң бар, шүкір ет» және т.б.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.