Қазақ имам отбасын «арабша» азаптап, көрсетпеген қорлығы жоқ

0
1220

Түркістан облысында 37 жастағы келіншек 7 баласымен далада қалғанын жеткізіп, көмек сұрады. Айтуынша жақында ғана босанып келгеніне қарамастан күйеуі оны үйден қуып шыққан.

Отырар ауданы Шәуілдір ауылының тұрғыны Гаухар Жұмаділдә күйеуінен әбден қорлық көргенін айтып шағымданды.

Бұрын имам болған ер адам осыған дейін үйінде балаларына намаз оқуға мәжбүрлеп, әйелін ұрып-соғып, күн көрсепеген екен.

Тіпті балаларына төленетін жәрдемақыны да осы уақытқа дейін өзі алып, Гаухарды үйден ешқайда шығармаған. Келіншек Stan.kz тілшісіне мән-жайды баяндап берді.

Гаухар күйеуімен осыған дейін де бірнеше рет араздасып, ажырасуға бекінген. Алайда көпшілік орта мен “мүмкіндік бер” деген адамдардың сөзіне көніп, бұл ойынан айныған.

“Журналистерге ұратынын айтқаным үшім қысымы одан сайын күшейе түсті. Мені “сотқа беремін” деді. Ол кезде аяғым ауыр болған соң бар ойым аман есен босанып алу еді. Босанғанымша оның барлық қорлығына шыдадым. “20 миллион теңге төлейсің, 7 жылға қамаласың”, деп қорқыта берді.

Маусым айында босанатын уақытым жақындағанда үйде отырғанымда есік алдынан түтін шықты. Қарасам, сарайымыз өртеніп жатыр екен.

Ол кезде күйеуім базарға кеткен. Ал кейін өрт сөндірушілер жалынның тоқтың тұйықталуынан болғанын айтты. Алайда күйеуім сонда да өртті менен көрді. Осындай жаламен мені қазір үйден қуып отыр”, – деді ол.

Үйге камера қойды, балалар намаз оқымаса, белдікпен ұрады

Келіншек қазір Түркістан қаласындағы зорлық-зомбылық құрбандарына арналған орталықта.

“Басында менің отбасымның барлығы бұл кісіге тұрмысқа шығуыма қарсы болды. Олар оның балағының қысқалығын көріп, бізге сай келмейді деген еді. Алайда мен жақсы кісі деп ойлап соған қарамастан тұрмысқа шықтым.

Күйеуім бес жыл Араб елінде оқып келгендіктен сол жақтың салттарымен өмір сүреді. Қазақстың салт-дәстүрін мойындамайды. Бүкіл тойларға қарсы.

Әйелді үйде қамап ұстайды, еш мүмкіндік бермейді. Әйелге сыртқа шығуға, ақша ұстап жаратуға, туысқандарымен араласуға бәріне тыйым салынған.

Тіпті маған қою түсті оранатын киімдер әкелген кездері де болды. Алайда мен оранып жүруге қарсы болдым. Кішкентай қызыма да кейде орамал тақсын деп айтады”, – деп қосты ол.

Гаухар тіпті күйеуінің үйдің ішіне камера қойғанын да алға тартты.

“Жарықты, газды, суды өшіріп, дәретхана мен жуынатын бөлмені құлыптап қояды. Үйге камера қойып білгенін істейді. 5 жасар қызының дәретке (гаршокке) отырғанын камераға түсіріп отырған әкені мұндай құқықтан айырса екен деймін. Балаларды белдікпен, телефон қуаттағышпен, киім ілгішпен ұрады. Оларға көп тыйым салады. Намаз оқымаса ұрып тастайды. Камераға түсіріп мазақ қылады. Туысқандары тіпті балаларымнан “мамаңда қаласың ба, әкеңде қаласың ба” деп сұрайды. Қызымның гаршокте отырғанын камераға түсіріп күліп қарағандары маған қатты ауыр тиді. Мен енді тұрғым келмейді бұл жерде”, – деп киіді ол.

11 баланың жәрдемақысын өзі алып отырды

Гаухардың айтуынша күйеуі 2019 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек пен балалардың жәремақысын алу құқығын еш ескертусіз өз атына аударып алған.

“Осы күнге дейін ақшаны өзі жаратып келеді. Негізі мен оның екінші әйелімін. Бірінші әйелінен 4 баласы бар. Оның да ақшасын өзі алып отыр. Туылған кезден бастап, жөргекпұлына дейін бәрін өз атына аударып, өзі алып жүрген. Солардың ақшасына үй салдық. Алайда сол үйді қазір әпкесінің атына жазып қойды”, – деді ол.

Келіншек үй балаларының ақшасына салынса да қазір олармен бірге далада қалғанын айтып күйінеді.

“Тамыз айында күйеуім мені үйден қуды. Өзім жаңа босанып келгендіктен полиция шақырып, күтінуім қажет екенін айтып, керісінше күйеуімнің өзіне шық дедім. Сөйтіп ол үндемей інісінің үйіне кетті. Алматыдан әпкесін шақыртып, күтіп екі күннен соң бәрі жабылып мені қуып шықты. Әпкесі мені жұлқылап сыртқа шығарды. Күйеуім болса соны видеоға түсіріп тұрды. Сосын зорлық-зомбылық жәбірленушілеріне көмектесетін орталыққа жүгіндім”, – деді Гаухар.

Көп балалы ана қазір өзі тұрып жатқан кризистік орталықтың көп көмек бергенін қоса кетті. Тіпті балаларының жәрдемақысын өзінің атына аударып, заңгер мамандар жәрдемдесіп жатыр екен.

“6 балаға 37 мың теңге аламын. Ажырасуға өтінішті бұрын да бергенмін. Алайда ол кезде екінші тарап келіспегесін болмады. Ауылдық полиция бөлімшесіне де бардым. Алайда бәрі күйеуімнің сөзін сөйлейді. Оларға ақша беріп ауыздарын жауып қойған. Қазір заңгермен кеңесіп тағы да арыздандым.

Ажырасып, мүлікті екіге бөлуді талап етемін. Сосын балаларымның менің қолымда қалуын қалаймын. Екі үлкенімді өзінде қалдырғысы келеді. Бірақ балаларымды мен оның қолына бере алмаймын. ”, – деп қорытты ол.

Осы жағдайға байланысты пікір сұрау үшін Stan.kz тілшісі Гаухардың күйеуі Әлжан Төреханға хабарласқан болатын. Алайда ол кісі тұтқаны көтермей, хабарламамызға жауап қатпады. Дегенмен Шәуілдір ауылдық учаскелік полициясы бұл отбасының үйіне бірнеше рет барғанын растады.

“Біз әрқашан әкімшілік өкілімен, зорлық-зомбылыққа қарсы инспектормен бірге бұл кісілердің үйіне барып тұрамыз. Отбасылық мәселелері түсініксіз. Дегенмен қорқыту, ұрып-соғу, күш қолдану болмаған. Олардың араздықтары ақшаға келіспеу, балаларының ақшасына таласу, сияқты себептерден туындайды. Кейін әкімшілікпен барып, ол кісі Түркістан облысына кететін болды. Басқа бұл кісілер туралы ештеңе айта алмаймыз. Отбасылық жанжал дейтіндей төбелес, соққыларды көрмедік.  Барған кезде айтатын шағымдары сол “азық-түлік әкелмейді, ақшаны маған бермей жатыр” деген.

Алдыңғы жолы әйелі киімдерімді алып кетейін деген соң, қауіпсіздікті сақтап, артық ақай шу болмасын деп тағы бір рет бардық. Бұл кісілер ажырасуға арыз жазып қойған”, -деді полиция учаскесі.

Фото дереккөзден алынды.