Мұғалімдердің аттестациясын ашық, әділ өткізбейінше, білім сапасын көтеру мүмкін емес» дейді білікті ұстаз
Әлеуметтік желіде «Мақсатты мектеп» жобасы, аттестацияға қатысты мұғалімдер арасында қызу пікірталас болып жатыр. «Мақсатты мектеп» жобасы тоқтатылсын деушілер күн санап көбеюде.
Ал бізбен сұхбатында білікті ұстаз Сұлтан Сүлеев «жоба тоқтатылуы үшін аттестация әділ өтуі керек, аттестациядан ақша беріп өткен білімсіз мұғалімдердің кесірінен әлі талай жобалар мұғалімдерді шапқылатады» дейді.
— Сұлтан ағай, сіздің «аттестациядан ақшамен өткен мұғалімдер» туралы жазбаңыз үлкен пікірталасқа тудырды. «Ақшамен өтпедік», «аттестациядан ақша беріп өту мүмкін емес», «қолыңызда нақты дәлел болса, көрсетіңіз» деген пікірлер әлеуметтік желіде әлі де жазылуда. Бұған не айтасыз?
-«Мақсатты мектеп» жобасы сынды жобалар болмасын десек, ең әуелі аттестацияны әділ өткізу керек. Аттестациядан ақша беріп өткен мұғалімдер барын жоққа шығару мүмкін бе?
Ең ақыры, әлеуметтік желілерде авторлық бағдарламаның өзі ашық сатылып жатыр емес пе? Аттестациядан ақша беріп өткен мұғалімдердің нақты кім екенін дәлелдеп беру — менің жұмысым емес.
Ол шаруамен тиісті орган айналысуы керек. Аттестацияның түбін қопарып жіберсе, талай нәрсе шығатыны сөзсіз. Қандай мұғалім ақша беріп, санатты сатып алады?
Әрине, білімсіз, өзіне сенімсіз мұғалім. Дипломын сатып алмай, оқып алған, мектепте жылдар бойы сабақ беріп, шыңдалған мұғалім ешқашан ақша беріп санатын көтермейді.
Аттестация — тәуелсіз бақылаушылардың назарында өткізілуі керек. Министрлік өкілдері тест орталықтарына барса, сол жерде жүрген «помогайкаларды» көрер еді.
—Десек те, аттестация әділ өтсе, басқалай жобалар болмайды деуіңізге не себеп?
-Таяуда Оқу ағарту министрімен болған кездесуге қатыстым. Сол жерде болған әңгімеден түсінгенім — мұғалімдердің білім деңгейі өте төмендеп кеткен. «Мақсатты мектеп» жобасы да сол олқылықтың орнын толтыру үшін іске қосылған. Мысалы, аттестация ашық, әділ өтсе — талай білімсіз мұғалім жарияға шығар еді. Нәтижесінде сауатты мұғалімдер сапалы білім берер еді.
—Таяуда мыңдаған мұғалім «Мақсатты мектеп» жобасы тоқтатылсын деп бастама көтеріп, ашық хат жазып, петиция жариялады. Бұл жобаның заңсыз екенін алға тартуда. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің депутаты Жұлдыз Сүлейменова да бірнеше рет айтып, жобаның заңсыз екенін жан-жақты талдап берді. Алайда сіз «Мақсатты мектеп» жобасы заңсыз деген бұл пікірмен келіспейсіз. Неге?
-Себебі, бұл жоба туралы Үкіметтің арнайы қаулысында көрсетілген. Үкіметтің қаулысы — заңсыз құжат емес қой?! Ал жалпы алғанда, басты мәселе — жобаның заңды-заңсыздығында емес, мұғалімдерді сандалтып шаршатуында болып тұр.
Жаңа оқу жылы онсыз да қарбаласқа толы болады жыл сайын. Міне, сондай қарбалас шақта қабаттастырып «Мақсатты мектеп» жобасы ендірілді.
Мұғалімдерді қинағаны да — осы. Алдын-ала жобаны жақсылап, талқыдан өткізіп, уақытын мұғалімге ыңғайлы уақытқа белгілесе, қазіргідей шу шықпас еді. Ал енді бұл жобаның енгізілуіне — тағы қайталап айтам, әділ өтпеген аттестация себеп болды. Аттестация талапқа сай, ашық, әділ, ақшасыз өткенде — ешқандай жобаның қажеті де болмас еді.
—Қыркүйекте «Мақсатты мектеп» жобасы туралы өткір жазба жариялап едіңіз. Алайда соңғы жазбаңызда, пікіріңіз біраз жұмсарып, өзгеріп кеткендей… Министрден алған алғыс хат пікіріңізді өзгертіп жіберді деу де қисынға келмей тұр. Себебі, жазбаңызға қарағанда, марапат, төсбелгіден кенде емессіз. Олай болса, жоба бойынша пікіріңіз неге өзгерді?
-Алғыс хаттың ешқандай қатысы жоқ. Себебі ондай алғыс грамоталарын, төсбелгілерді мен бұрын да алғанмын. Үш жылдан соң, зейнетке шығам, маған ондай алғыс хаттардың керегі де жоқ. Әу бастан жаздым, «Мақсатты мектеп» жобасына кірген мектепте қай пәннен сапа көрсеткіші төмен, сол анықталуға тиіс.
Мысалы, тұтас мектептің математика пәні бойынша көрсеткіші төмен болғаны үшін, неге мен сияқты тарих пәнінің мұғалімі тест тапсырып, шаршауы керек?
Иә, жоба — білім сапасын арттыру үшін жасалуда. Білім сапасын көтеру үшін мұғалім білімді болуы керек. Алайда білімі төмен мұғалімді анықтаудың бірден бір жолы — аттестацияны ашық, әділ өткізілуінде.
Проблеманың себебімен емес, салдарымен күресуіміз керек. Мұғалімдер талап етті деп, министрлік бұл жобаны тоқтатса да, тағы бір басқа жобаны іске қосатыны сөзсіз.
Өйткені — Қазақстандағы білім сапасы төмен. Ал білім сапасын тек қана сауатты мұғалімдер ғана көтереді.
—Министрмен болған кездесуде «Мақсатты мектеп» жобасына қатысты пікіріңізді айттыңыз ба?
-Әрине, айтылды. Министр бұл жобаның білім сапасы төмендеп кетуіне байланысты іске қосылғанын айтты. Алдағы 4 жыл бойы жүруі мүмкін. Тіпті, алдағы уақытта еліміздің бүкіл мектептері осы жоба бойынша курс оқып, тест тапсыруы мүмкін.
— Қалай ойлайсыз, түрлі жобалармен бүкіл мұғалімді сабылтып, шаршатқанша, бәлкім, «дипломды сатып алу» проблемасын шешкен дұрыс шығар? Әйтпесе, білім саласындағы «сауатсыздық айналма шеңберін» тоқтату мүмкін емес сияқты.
-Дұрыс айтасыз, бұл шеңбердің бір жерінен үзбейінше, айналып, жалғаса берері сөзсіз. Дипломды сатып алып, мектепте мұғалім болып жүргендер қаншама. Айналып келгенде, дипломды сатып алған мұғалім ғой аттестациядан да ақша беріп өтетін. Осы мәселелер анықталып, реттелсе, білім сапасын көтеру деген проблема да болмайды.
—Бірнеше мектеп өздерінің білім деңгейін дәлелдеп, «Мақсатты мектеп» жобасынан шығып жатыр екен. Бұған не айтасыз?
-Жоқ. Мүмкін емес. Құжаттар өтіп кетті. Жоба тізіміндегі мектеп мұғалімдері курс оқып, тест тапсыра береді. Ал алдағы уақытта бұл тізімге еліміздің басқа мектептері де енуі әбден мүмкін.
—«Мақсатты мектеп» жобасы білім сапасының артуына ықпал етеді дейді. Сіздің бұған пікіріңіз қандай?
-Дәл қазіргі жағдайда ешқандай да ықпал етпейді. Мұғалімдерді тесттен қамшылағандай етіп өткізіп жатыр. Егер бұл жобаны сауатты түрде жоспарлап өткізгенде, бәлкім бір пайдасы болар еді. Жаңа оқу жылында қарбаластырмай, курс кестесін каникул уақыттарына қойып өткізу керек еді.
—Таяуда «Мақсатты мектеп» жобасының түсіндірме жұмысымен арнайы келген министрлік өкілі Ернұр Дәуенов «тест тапсыруға бару-бармау — мұғалімнің өз еркінде» екенін айтты. Мұғалімдер өздерінің осы құқығын пайдаланып, тест тапсырудан бас тартса, жоба тоқтатыла ма, қалай ойлайсыз?
-Жоғары жақтың олай деуі — дұрыс қой. Мәселенің бәрі айналып келгенде, рейтингке тіреледі. Ал мектеп рейтингісі түспеуі үшін директор, завучтар мұғалімдерді сол тесттен қалай да өткізуге «күш салады».
Қарапайым тілмен айтқанда, ковид кезіндегі вакцина науқаны сияқты ғой. «Вакцина алу-алмау — әркімнің өз еркінде» деді жоғарыдағылар.
Ал төмендегілер не істеді? Вакцина алған-алмағанды тексерді. Нәтижесінде жұмысынан айырылмау үшін адамдар амалсыз вакцина салдырды. Бұл жерде де — жағдай дәл солай.
—«Мақсатты мектеп» жобасы жылдар бойы жүретін болса, онда оқушылардың жағдайы қалай болмақ? Тест тапсырам деп шапқылаған мұғалім оқушысына жарытып білім бере ала ма?
-Ең қиыны да — сол болып тұр. Бұл жоба алдын-ала талқыланып, сараланып, жоспарланбады. Соның салдарынан мұғалімдердің наразылығын тудырып отыр. Әлі де болса, мұғалімнің сабақ өтуіне кедергі келтірмейтіндей жолдары қарастырылып, ретке келтіріледі деп үміттенемін.
Сұхбаттасқан — Әлия БОЛАТҚЫЗЫ.
Фото Сұлтан ағайдың жеке мұрағатынан алынды.