Бала ата-анасын себепсіз тастап кетпейді

0
974

Ата-ананың бірі ішіп жынды, бірі ішпей жынды… Салынып ішіп, ішкенін бұтына жіберіп жататын ата-аналар бар десе көп ешкім сенбейді.

Ішпей-ақ, балаларын бір-бірімен шағыстырып, қырқыстырып қоятын ата-аналар бар. Балаларының тату болғанына қуанбайды, бір-бірімен ұрысқанын қарап, қызықтап отырады.

Аяққа тұрмаған, өзін-өзі толық қамтамасыз етпеген баласын сүліктей сорып тастаған ата-ана қаншама.

Ақылды баланы арандатып, жұрт алдында қателікке ұрындыратындар қаншама. Өзі жасаған қателікті баласы да жасауы керек.

Ұлға бар жағдайды жасап, қызға тек тұтынушылық қарым-қатынас жасайтын немесе керісінше бар жиғанын қызына тасып, ұл мен келіннің итін шығаратындары қаншама.

Енді бірінің мазасыздығы сонша, үйінде Құдайдың құтты күні ойбай-аттан, айғай-сүрең. Сабырмен, жай сөйлеу деген жоқ. Айғайлап, аттандап жату өмір салтына айналып кеткен.

«Балалары ата-анасын тастап кетіпті» деген жаңалық естісе көпшілік сразу әлгі балаларын жерден алып, жерге салады. Шынында әке-шешесі соған жетізуі мүмкін ғой?

Біріншіден баланы тәрбиелеген сол ата-ана. Екіншіден сәл-пәл адамшылық сезімі бар бала просто так бас тартып кетпейді әке-шешеден. Темболее біздің қазақтың балалары 90%-ы өмір бойы әке-шешесінен эмоциональный байланысты үзе алмайды.

Эмоцияны үзіп, ситуацияға салқынқанды баға бере алатын бала тым аз. Баланың әбден көңілі қалып, күдер үзіп кетуі үшін әке-шеше не істеу керегін ойлаңызшы енді?

Басқа жұрттың жасаған манипуляциясы мен абьюзі ата-ананың балаларына жасайтын абьюзі мен манипуляциясының жанында жіп есе алмай қалады.

Балаға тәрбие бер, оқыт. Жағдай жасай алмасаң жасамай-ақ қой, әр бала өз малын өзі тауып алады. Тек аяғынан шалма, етегінен тартпа.

Өзі әбден аяққа тұрғанша сөзбен, жанашырлықпен қолда, өз өмірін сүруіне мүмкіндік бер. Ата-ана қартайып, бойынан қуат кеткенде немесе біреуі жалғыз қалса балалары қолына алып, күтіп, ауырса бағып, қайтқанда дұрыс жөнелтсе, баладан содан артық нәрсе сұраудың өзі дұрыс емес деп ойлаймын.

Ақбота ӘБІЛТАЙ, Facebook жазбасы.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.