Жалған дипломмен жүрген мұғалімдерді әшкерелеген білім саласының маманы әділдікке қол жеткізе алмай жүр

0
5384

Ұстаз деген аттың синонимі іспеттес, мықты, креативті менеджер, өз саласына жан-тәнімен берілген Сафура Сейдуәлиқызы Төлектегі ханымды бізде танымайтын адам аз шығар.

Біздің елде өз ісіне берілген, адал адамдар “ақ қарға” сияқты, жылдар бойы қалыптасқан дағдыға сай келмей, жеп үйренгендерге кедергі келтіріп, “дұрыс жұмыс істетпей” қоятын сияқты. Солай екеніне көзіміз жетіп келеді.

Жаңа Қазақстанда жақсы жағына өзгереміз бе деген үміт те бірте-бірте сөніп бара жатқандай.

Ұзын сөздің қысқасы, Сафура ханым басқаратын ұжымға қатысты антикор “мемлекет қаражатын жымқырыпты-мыс” деген желеумен іс қозғап жатыр екен дегенді естігенде, бүкіл ел сенер-сенбесімізді білмей, мүмкін емес деп едік.

Ол іс бойынша көктемде Сафура Сейдуалиқызы өзі хабарласып, құқықтық кеңес сұраған болатын. “Сіздің тарапыңыздан заңсыздық жоқ қой, сыйақылар үнемделген қаржыдан берілсе” дегем.

Содан ба, адалдығына шүбәм болмағандықтан, тексеру біткесін, істің тоқтатылатынына күмәнім болмап еді. Біздің атышулы антикорға ақ адамды қара ету түк емесін қанша көрсем де, дәл осы кісіге қиянат жасалады деп ойламаған шығармын.

Ал енді бұл іс не іс? Неден басталды? Сафура Сейдуалиқызына не айып тағылып отыр?

Басқарманың үнемделген қаражатынан басқармада істеген аздаған маманға сыйақы берілген, соны заңсыз деп отыр.

Мектептің, балабақшаның, колледждің немесе аудандық, қалалық білім бөлімдерінің қаражаты емес, басқарманың қызметіне, басқармадағы қызметкерлердің еңбекақысына берілген қаражаттың үнемделген бөлігі.

Басқарма ашылған бетте ол жақта кадр толық жиналмаған, алғашқы айларда екі адам, алты адам жұмыс істесе, сегіз-тоғыз айға дейін мамандардың тек елу пайызы қабылданған.

Бұл жаңа облыстардың барлық басқармаларында болған жағдай екен. Олай болса, антикордан бастап жаңадан құрылған барлық департамент, басқармалардың сыйақыларын да заңсыз деп бағалау керек шығар…

Жақында Сафура ханымның қоғамдық қорғаушысы болып жүрген әпкесі де маған құқықтық кеңес алу үшін хабарласты.

Бюджет саласында тәжірибесі мол болғандықтан, ол кісі көп құжаттарды өзі де талдаған. Сол әпкесінен іске қатысты жалпылама ақпаратты естіп, таңданбасқа шара қалмады.

Түсінгенім, Сафура ханымның турашылдығы, талапшылдығы, адалдығы біреулерге жақпай қалған сияқты. Олай деуіме негіз жоқ емес.

Бара сала, жергілікті білім саласына тың серпінмен кіріскен облыстың бас ұстазы жұмысын алдымен жалған дипломдармен жұмыс істеп жатқан “мұғалімдерді” анықтап, тазалаудан бастайды. Оннан астам адамның үстінен жалған құжат үшін тиісті органда іс қозғалып, жұмыстан шығарылады.

Облыстағы білім беру саласында проблема жетерлік екен. Оны алдағы уақытта тарқатып айтатын боламыз.

Содан, Ұлытау облысы білім басқармасының басшысы Сафура Төлектегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Департаментіне, (қысқаша антикорға) өзі хат жазып, білім басқармасына қарасты барлық мекемелерге тексеру жүргізуді сұранады.

“Бәрекелді, адал басшы солай жасау керек” дейміз. Алайда антикордағылар олай ойламайды екен. Сол арызы ақырында өзіне таяқ боп тиген сияқты… Жоғарыда айтылған проблемалар тексерушілердің назарынан мүлдем тыс қалған.

Өзінің өскен жеріне адал ниетпен барған адам қазір бірнеше айдан бері үйқамақта отыр.. Істі тергеу барысында Сафура ханымның бұрынғы орынбасары (ол да күдікті деп танылған) өз-өзіне қол жұмсап қайтыс болыпты.

Сафура ханыммен әріптес болған, ол кісіні танитын адамдар, халық оның адалдығына шек келтірмейді. Оған күмәнім жоқ.

Сол себепті Сафура Сейдуалиқызының әпкесінің айтуына қарағанда, антикор қызметкерлерінің тарапынан болып жатқан түрлі процестік бұзушылықтардың кесірінен сотқа дейінгі тергеудің созылып, Сафура ханымның алты айға жуық заңсыз қамауда отырғаны жайлы айтуды жөн көрдік.

Сауатты, адал, батыл болғандықтан, үйқамақта отырса да, қорғаушыларымен бірге антикордың негізсіз шешімдерімен табанды түрде күресуде.

Сафура Сейдуалиқызының парақшасын бір шолып шықсаңыздар, ол кісінің өмірлік ұстанымын түсінесіздер деп ойлаймын. Ақ-қарасын көзі қарақты жұрт өзі ажыратып алар.

Ләззат АХАТОВА, заңгер.

Facebook жазбасы.

Фото автордың парақшасынан алынды.