Енді дәрігер қателессе науқасқа өтемақы төленеді

0
71

Медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыруды енгізетін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның нормалары күшіне енді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Өзгерістерге сәйкес, медициналық ұйымдар мен жеке медициналық практикамен айналысатын жеке тұлғалар медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыруға және 14 сақтандыру ұйымын қамтитын Бірыңғай сақтандыру пулымен сақтандыру шартын жасасуға міндетті.

“Сақтандыру төлемдері дәрігерлердің байқаусызда жасалған кәсіби қателіктерінен зардап шеккен пациентке төленетін болады. Өмірі мен денсаулығына зиян келтіру фактісін растау және сақтандыру төлемін алу үшін пациентке немесе оның жақын туыстарына денсаулық сақтау субъектісіне жүгіну қажет. Медициналық қызметті жүзеге асыру нәтижесінде пациенттің өмірі мен денсаулығына зиян келтіру фактісінің болуы туралы шешімді тәуелсіз сараптама комиссиясы қабылдайды”, – делінген хабарламада.

Пациент ТСК қорытындысының нәтижелерімен келіспеген жағдайда денсаулық сақтау министрлігінің медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне немесе сотқа жүгінуге құқылы.

“Заңмен сақтандыру төлемдерінің ең аз сомалары белгіленген, олар  пациентке үшінші, екінші және бірінші топтағы мүгедектік белгіленген жағдайда — 500, 600, 800 АЕК құрайды, тиісінше мүгедектігі бар бала – 500 АЕК, өлімге әкелген зиян келтірілгені үшін – 3 000 АЕК, мүгедектік белгіленбей пациенттің өмірі мен денсаулығына келтірілген зиян үшін – 300 АЕК-тен аспайтын сақтандыру төлемдері төленетін болады. Сондай-ақ, Заңмен осы денсаулық сақтау субъектісі төлеген сақтандыру сыйлықақысы сомасының 5%-ынан аспайтын мөлшерде сақтандырылған медицина қызметкерлеріне адвокаттардың қызметтеріне ақы төлеуге арналған шығыстарды өтеу сомасы белгіленген”, – делінген ақпаратта.