Имам «аяз ата бар болуы мүмкін» дейді

0
1076

ТикТок әлеуметтік желісінде SciQ атымен кей кісілердің ызасын келтіріп, ішкі қыжылын үдетіп жүрген азамат бар. Өзін «Ысқақ» деп таныстырған бұл азамат жақында имам уағызшы Нұржан Смағұловты тығырыққа тіреді деп жазады Democrat.kz.

Алдымен Ысқақты көзі ашық, көкірегі ояу, ұлтын бәрінен жоғары қоятын жұртшылық үшін аз-маз таныстырып кетуді жөн санадық.

Ысқақ — «мен мұсылманмын!» деп кеудесін тоқпақтаған жүз мыңдаған адамды тығырыққа тіреп қана қоймай, бүгінге дейін жұртты шатыстырып, адастырып, қазақтың салт-дәстүрін қорлап, әдет-ғұрпын жоққа шығаруға жанталасқандарды ТикТокта ышқындырып, селкілдетуде.

Бұлай дейтініміз, Құранның бетін ашып оқымаған талай діншілдер Ысқақтың қасиетті кітаптың аяттарынан келтірген мысалдарын қабылдай алмай, ашуға ерік береді. Қарғап-сілеп, бүкіл боғауыз сөзін бұрқыратады.

Ысқақпен стримде пікірталасқа білек сыбана кірген қаншама діндар кісінің ешбірі бұл жігіттің сұрақтарына дәлелмен жауап бере алмады. Кейбірі жеңілген тек тұрмыстың керін келтіріп, әдеттері бойынша боқтап, қарғап-сілеп, жер тоқпақтап қалуда.

«Құдай жоқ!» деп стрим ашатын Ысқаққа ең бірінші қойылатын сұрақ «құдайдың жоғын дәлелде» болады. Ал Ысқақтың жауабы: «Жоқ нәрсенің дәлелі болмайды».

«Адам — маймылдан жаралды дейсіңдер атеистер. Онда неге қазір ешбір маймыл адамға айналмайды?»- деп сұрайды діншіл қауым.

«Сендер адамды топырақтан жаратты дейсіңдер. Топырақтан жаралып жатқан адамды көрсетіңдерші!» дейді Ысқақ.

Осындай талас-тартыстың біріне имам-уағызшы Нұржан Смағұлов арнайы қатысты.

Ысқақтың «Аспанда бұғылы шанамен жүретін аяз атаға сенуге бола ма? Бар ма ондай аяз ата?» деген сұрағына Нұржан Смағұлов: «Ысқақ 2004 жылы туылуы керек еді, бірақ 1994 жылы туылды десем, бұл абсурд па, мүмкін бе? Енді қара, аяз атаның бұғылармен аспанда ұшуы — бұл абсурд па, мүмкін бе?»-деп сұрақ қойды. Ысқақтың «мүмкін» деген жауабына: «Енді осы ғой! Мүмкін ғой!» — деген Нұржан имам артынша сөзін «удтверждать етпеймін» деді.

Десек те, «Аспанда бұғылармен ұшып жүретін аяз атаның бар болуы мүмкін ғой, сонда?» деген Ысқақтың сұрағына имам «әрине мүмкін» деп, бірақ аяз атаның аспанда ұшып жүруі мұғжиза да, истидраж да емесін тілге тиек етті.

Ысқақ пен имамның пікірталасын төмендегі видеодан тыңдай аласыздар. Ал Ысқақ туралы кеңірек біліп, танысқыңыз келсе, ТикТоктағы SciQ арнасынан қарасаңыз болады.

Дайындаған — Ұлжан БАҚЫТҚЫЗЫ.

Фотода имам Нұржан Смағұлов.