«Ата-анам балалар үйіне алдап тастап кетті» дейді түркістандық қыз

0
3588

Әлеуметтік желіде арнайы видео жариялаған Түркістан облысының жас қызы «ата-анам бізді алдап, балалар үйіне тастап кетті» дейді деп жазады Democrat.kz.

ТикТок әлеуметтік желісінде Turkestanskaya деген атпен парақша ашқан Ләйлә қыздың тағдыры тым аянышты-ақ…

«2018 жылы бір сіңілім, үш ініммен біз Арыс қаласындағы балалар үйіне түстік. Ата-анамыз бізді «осында оқисыңдар» деп алдап әкеліп, тастап кетті.

Әкеміз де, шешеміз де — тірі. Балалар үйіне әкеп тастағандарында менің жасым 8-9-да, ал ең кімкентай інім 6 айлық еді. Кішкентай інімді өзім қарап, «дом малюткаға» бергізбедім.

Тірі жетім болудың қандай ауыр болатынын айтып жеткізу мүмкін емес. Алғашында әке-шешеме тоқтаусыз хат жазатынмын. Оларды сағынғанда, жанымды қоярға жер таппайтынмын.

Өкінішке қарай, уақыт өте келе бұл сағыныш сұп-суық мұзға айналды. 2021 жылы 9 сыныпты бітіріп, оқуға түстім. Қалай болғанда да бауырларым мен сияқты қиналмасын деп, тезірек аяққа тұруға тырыстым.

Сол жылы ата-анамды іздеп, таптым. Алайда алдына барғанымда шешем «керек емессіңдер, сендей қызым жоқ, мен үшін өлгенсіңдер» деп шығарып салды. Сол күні ата-анама деген сағынышым жеккөрінішке айналды.

Студент болсам да, даяшы, курьерлік жұмыс істеп, бауырларыма қолымнан келген көмегімді беріп жатырмын. Бар арманым, төрт бауырымды аяққа тұрғызу», — деген Ләйлә  көкейінде бір ғана сұраққа жауап таппай жүргенін айтады.

«Әке-шешеміз бізді неге тастап кетті? Кінәміз не?» деген сұраққа жауап іздеп жүрген ол көз жасына ерік берді.

Дайындаған — Мәриям КЕНЕСАРЫ.

Фото видеодан скринделіп алынды. 

Видеоны мына сілтемеге өтіп, көре аласыз.