«Министр Ғани Бейсембаев кетсін!» деп ата-аналар пикетке шықпақ

0
815

Еліміздің Оқу ағарту министрлігі мен министрдің атқарып отырған жұмыстарына наразылық күн санап артып келеді деп жазады Democrat.kz.

Редакциямызға хабарласқан белсенді ата-ана Дина Садрединова еліміздің бірнеше аймақтарынан ата-аналардың пикетке шығатынын хабарлады.

«Сағатты ауыстырудың салдарынан қазір балаларымыз мектептен түнде үйге қайтуда. Оқушылардың қауіпсіздігі үшін ең бірінші министр Ғани Бейсембаев алаңдауға тиіс еді.

Өкінішке қарай, министрдің біздің баламызбен бас қатырғысы жоқ сияқты. Оқушы үйіне жарықта қайтсын десек, сабақ уақытын қысқарту керек екен.

Ал сабақ уақыты қысқартылса, онда бала жазғы демалысында сол уақыттар үшін сабақ оқуы керек екен. Бұл қалай?» — дейді белсенді ата-ана Дина.

«Қазіргі мектеп оқушылары үшін жауапты министр Ғани Бейсембаев бұған дейінгі министрлерден асып түсті! Мектеп бағдарламасының түрі — анау! Оқулықтар туралы айтудың өзі — артық!

Мұғалімдерінің жүрісі анау — бітпейтін тест тапсырып, бітпейтін құжат тасып. Оқушылар қараусыз қалды. Түсінесіз бе, сіз бен біздің баламыз білім алып жатқан жоқ.

Өйткені мұғалім бос емес. Неге? Себебі министрдің тапсырмасын орындау үшін шауып жүр. Ал бұларды аз десеңіз, енді міне, бастауыш сыныптағы баламызды тастай қараңғы уақытта мектептен алып қайтып жүрміз.

Алқаш, наркоман, педофилі қаптап жүрген бұл қоғамда титтей баланы жетектеп түнде жүру қаншалықты қауіпті екенін министр түсінбей ме?

Егер мұны түсінбесе, онда ондай кісінің министрлік басқаруға қақысы бар ма? Министр Ғани Бейсембаев не үшін отыр ол креслода? Оқушылардың қауіпсіздігі үшін дәл қазір министр «бұлай болмайды, баланың қауіпсіздігі — бәрінен маңызды!» деудің орнына, «жазда оқытамыз» деуі не сандырақ?

Министр Бейсембаевты ол креслоға осындай қисынсыз сөз айту үшін отырғызған ба?» — дейді келесі бір белсенді ата-ана Меруерт Кеңесбекқызы.

«Өте дұрыс! Мұғалімдердің наразылығын назарға алмауға барынша тырысып еді министрлік. Енді ол наразы топқа бүкіл аймақтың ата-анасы қосылмақ.

Мыңдаған ата-ана мен мұғалімнің талабы Президенттің құлағына жетері сөзсіз. Баланың білімділігі мен амандығынан басқа бұл елде маңызды дүние жоқ.

Өкінішке қарай, министрлік бұл екі дүниені де шетке ысырып тастап, білім сапасы деп қайдағы бір вассермандар мен шетелдің қоқысқа атылған жобаларын тықпалап жанталасуда. Ал бала қауіпсіздігін жазғы демалыста оқытып, реттеп тастамақ. Ақылға сыймайтын абсурд!», — дейді зейнеткер педагог Ілесбек Жаңабаев.

Дайындаған — Әлия БОЛАТҚЫЗЫ.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.