Әділдік және өркендеу ҚҚ мектеп асханасына қатысты мониторинг қорытындысын жариялады

0
93

Ата-аналар мектептегі тамақ сапасын бақылауға ниетті. «Әділдік және өркендеу» қоғамдық қоры әлеуметтік мониторингтің қорытындысын жариялады.

Мемлекеттік мектептерде оқитын балалардың ата-аналарының тек 53% ғана мектептегі тамақтану сапасына көңілі толады. Ата-аналардың 20% інен астамы берілетін тамақ порциясы тым аз деп санайды.

Мемлекеттік мектептердегі тамақ сапасына қатысты жүргізілген әлеуметтік мониторингтің қорытындысы осыны көрсетіп отыр. «Әділдік және өркендеу» қоғамдық қоры 14 қазан — 14 қараша аралығында жүргізген сауалнамаға елдің әрбір аймағынан 10 мың ата-ана жауап берді.

Мектептегі тамақ сапасына көңілі толатындардың үлесі көп емес: ата-аналардың 45% мектеп асханаларында берілетін тамақтың сапасын жақсы, ал 8% өте жақсы деп бағалаған. 25 пайызы қанағаттанарлық десе, 10%-ы өте нашар деп жауап берген. 12% «нақты жауабым жоқ» деген нұсқаны таңдады.

Қалалық мектептердегі тамақ сапасы ата-аналарды әлдеқайда жиі алаңдатады: балалары қала мектебінде оқитын ата-аналардың 37% ғана тамақ сапасын жақсы деп бағаласа, бұл көрсеткіш ауыл мектептерінде 60%. Қала мектебінің асханасында берілетін астың сапасын 17% ата-аналар «дәмсіз, нәрсіз» десе, ауылдық жердегі ата-аналардың тек 7% мектептегі тамақ сапасы «нашар» деп жауап берген.

Мектеп тамағына ата-аналардың көңілі толмауының негізгі себептері:

  • Мәзірдің біркелкілігі: 33% қатысушы мәзірде әр түрлі асты таңдау мүмкіндігі жоқ, үнемі біркелкі деп санайды;
  • Азық-түліктің балғындығы: ата-аналардың 27% і тамақ балғындығына қатысты проблема бар деп есептейді;
  • Порция мөлшері: 22%-і порция аз деген нұсқаны таңдаған.

 

Бала есейген сайын мектеп тамағына көңілі толмайтын ата-аналардың саны да  артады. Бұл, ең алдымен, порция мөлшеріне қатысты. 1-4 сынып оқушылары ата-аналарының 17% інің,  5-11 сынып оқушылары ата-аналарының 31% інің порция мөлшеріне көңілі толмай отыр.

Бұл, бала өсе келе мектептегі тамаққа тоймайды деген сөз  (тамақтану нормативтерінде балаға қажетті ас мөлшерінің жыл сайын артатыны ескерілмеген). Бала есейген сайын мектеп асханасында сирек тамақтанады (бастауыш сыныптағы балалардың 95%-ынан астамы күн сайын мектепте тамақтанса, орта буында бұл көрсеткіш 63%, жоғары сыныпқа көшкенде шамамен 59%).

«Біздің әлеуметтік мониторингке қатысып, сауалдарға жауап берген әрбір үшінші ата-ана (35% астамы) мектеп асханасына қоғамдық бақылау орнату жұмысына қатысуға әзір. Бұл әрине, мектептердегі тамақ сапасын түзеуге мүмкіндік беретін жайт. Біздің қоғамдық қор елдің барлық өңіріндегі мектеп асханаларын тексеріп жүр, бұл істі жалғастыра да береді. Қор үш тараптың, яғни ата-ана, мектеп әкімшілігі мен жергілікті жауапты органдардың жұмысын үйлестіруге де ниетті», – деді «Әділдік және өркендеу» қоғамдық қорының директоры Дана Рысмұхамедова.

Бұл мониторинг мемлекеттік мектептердегі тамақ сапасына қатысты мәселе өзекті екенін көрсетті. Өйткені бұл дені сау ұлт қалыптастырудың маңызды тұсы, себебі мониторингке қатысушылардың 55 процентінен астамы бала денсаулығына мектептегі тамақтың тікелей әсері бар деп санайды.

Әлеуметтік мониторинг нәтижесі бойынша, ата-аналардың пікірі мен ұсыныстарын талдай отырып,  «Әділдік және өркендеу» қоғамдық қоры мектептегі тамақтану сапасын арттыру жөнінде ұсыныстар әзірлейді. Сондай-ақ Қазақ тамақтану академиясымен бірлесіп мектеп мәзірін жақсарту жөнінде ұсыныстар жасап, оқу-ағарту министрлігіне жолдайды.

Анықтама

Әлеуметтік мониторинг сауалдарына барлығы 9 962 ата-ана жауап берді. Мониторинг қатысушылары – мемлекеттік мектептерде білім алатын балалардың ата-анасы. Бастауыш сынып оқушылары ата-аналарының үлесі – 53%, орта буын оқушыларының ата-аналары 27%, жоғары сынып оқушыларының ата-аналары – 5%. Сауалнамаға қатысқан ата-аналардың 15 проценті бастауыш сынып та да, жоғары сыныпта оқитын бірнеше баланың ата-анасы.

Мониторингке қатысқандардың 85%-ының балалары күн сайын мектеп асханасында ыстық тамақ ішеді (таңғы ас немесе түскі ас, кейбірі екі рет тамақтанады).

Осылайша, әлеуметтік мониторингке қатысушылардың құрамы Қазақстанның мемлекеттік мектептерінде тамақтандыруды ұйымдастыру сапасын бағалауға қатысты сенімді деректерді алуға мүмкіндік берді.

«Әділдік және өркендеу» қоғамдық қоры белсенді азаматтардың бастамасымен құрылды. Бүгінде Қазақстанның барлық аймағында өз өкілдігі мен 6 000 мыңнан астам жақтасы бар. Қордың жобалары мен бастамалары кәсіпорындардағы қауіпсіздік техникасын сақтау, мектептегі тамақ сапасын бақылау, жол сапасын тексеру секілді маңызды мәселелерге арналған. Қор қазақстандықтардың еңбек құқығын қорғауға қатысты тегін заңгерлік көмек көрсетеді.