Оқу ағарту министрлігінің бір хаты — 215 млн теңге шығын келтірген
Оқу ағарту министрлігінің облыстық білім бөлімдеріне жолдаған бір хаты «Күнделік.кз» платформасы үшін миллиондаған шығын келтірген деп жазады Democrat.kz. ақпараттық порталы Козачковтың Телеграм арнасына сілтеме жасап.
Даудың басы — Тимур Турлов дейтін Ресей-Қазақстан олигархының компаниясымен байланысты.
Қараша айының басында біздің шенеуніктер осыған дейін қолданып келген “Күнделік” электронды платформасын ығыстырып, орнына BilimClass бағдарламасын қолдануды ұсынған еді.
Бұл бағдарламаның бір үлесі BilimLand компаниясына, яғни Тимур Турловқа тиесілі.
5 млрд доллар байлығы бар Турлов осы жазда Астанаға келіп, бағдарламасымен таныстырып, “Ұлттық білім платформасы” аясында Оқу ағарту министрлігімен өзара меморандумға қол қойған.
Осыдан кейін министрлік тарапынан облыстық білім бөлімдеріне “Күнделік” нашар бағдарлама, онымен қоштасуымыз керек дегенге саятын хаттар жолданады.
Әлгі хатта Оқу ағарту министрлігі “Күнделік” -те балаға керексіз жарнамалар көрсетілетіні, адамдардың жеке деректерін жинайтыны, талапқа сай еместігі де айтылған.
Осы хаттың негізінде еліміздегі бірқатар мектептер “Күнделікпен” қош айтысып, BilimClass -қа өте бастады.
Ал “Күнделік” ЖШС болса, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне министрліктің хатында айтылған дүниелерге тексеріс жасалуын сұрап хат жолдайды.
Бақсақ, бақа екен демекші, министрліктегілер BilimClass -қа мектептерді өткізу үшін “Күнделік” бағдарламасы туралы өтірік ақпарат берген.
Министрлік жазғандай емес, “Күнделік” платформасы барлық талаптарға сай жұмыс істеп тұр және жеке деректер қауіпсіздігі қорғалатыны жөнінде ҰҚК-нің арнайы құжаты да бар.
Мұнан бөлек, “Күнделік” платформасында жарнама жариялануында тұрған ешқандай заңсыздық жоқ.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту Агенттігі осыларды негізге ала отырып, Оқу ағарту министрлігінің хатында көрсетілген дүниелердің шындыққа сай емесін, “Күнделік” платформасы талапқа сай жұмыс істеп жатқанын айтып қорытынды шығарды.
Ал Оқу ағарту министрлігінің облыс білім бөлімдеріне жолдаған хатының кесірінен “Күнделікті” бұған дейін пайдаланған 5000 мектептің саны 2,5 мыңға қысқарып, салдарынан “Күнделік” платформасындағыларға 215 млн теңге шығын келтірген.
Оқу ағарту министрлігі Кәсіпкерлік туралы заңның 194 бабын бұзды деген Агенттік облыстық білім бөлімдеріне жолданған хаттарын министрлік кері қайтарсын деген шешім шығарған және енді мұндайды қайталамауды ескерткен. Бітті!
Келтірілген 200 миллионнан астам теңге шығынын кім өтейді? Өтірік, қисынсыз деректермен облыстық білім бөліміне хат жолдаған Оқу ағарту министрлігінің әрекеті ешбір тексеріссіз, жылы жауып қоя сала ма?
Орыс тілінен аударып, дайындаған — Мәриям КЕНЕСАРЫ.
Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.