Әнші қатал енесі туралы сыр шертті

0
1046

Танымал әнші Жазира Байырбекова енесімен арақатынасы жайлы бұрын айтпаған әңгімесін бөлісті, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі. Бұл туралы ол «Мамский әңгіме» бағдарламасына берген сұхбатында айтты. 

«Енем өте қатал адам»

Әнші енесінің өте қатал болғанын, тіпті оған ауылдың әйелдері үлкен таңданыспен қарайтыны жайлы айтты.

«Енем өте қатал болғаны рас. Оны көршілер де айтатын. «Сен біздің ауылдағы келінге ең қатал қарайтын енеге келдің-ау» деп таңғалатын. Маған дейінгі келіндер одан да қатты қаталдықты көрген. Менен кейін енем үлкейді, немерелері көбейді. Қазір мейірімді әже. Мен келін болып түскенде жастау болды. Оның үстіне қайын атам қайтыс болған, барлық жауапкершілік өзіне қалған адам ғой. Бұларды қатал ұстамасам болмайды деген болу керек. Мен оның үстіне өнер адамы, ерке болдым. Суреттерім журналдарда, газеттердің бетінде тұратын. Содан болар, тәрбиеме қатты қарады», — деді Жазира Байырбекова.

«Әкімдікте еден жуса да, сондай сыйлы адам болды»

Жазира Байырбекова енесінің мінезі қатты болса да, жұрт алдында үлкен сый-құрметке ие жан екенін айтты.

«Енем әкімдікте еден жуса да, айналасына өте сыйлы адам болды. Өз келіндері ғана емес, туысқан келіндері де енемнің бетіне қарап сөйлей алмайтын. Өзін сыйлата білетін, мықты жан. Немерелеріне сондай мейірімді, бәрі жақсы көреді. Енемдей болу менің қолымнан келмесі анық. Бірақ мен сол енемнің мықтылығына әлі күнге дейін таңғаламын. Қазір қартайды, денсаулығы да бұрынғыдай емес. Қарап отырып, «қандай мықты адамсыз» деп қызығамын. Енемдей мықты болғым келеді», — деді ол.

Фото интернеттен алынды.