Кәсіпкерді ақшасы ажалдан құтқара ала ма?

0
78

Вьетнам соты сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін өлім жазасына кесілген ең бай әйелдерінің бірі, 68 жастағы кәсіпкер Чыоң Ми Ланға қатысты үкімді өзгеріссіз қалдырды, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі VietnamNews-ке сілтеме жасап.

Бұрынғы сотқа берген ресми апелляциясында Чыоң Ми Лан өлім үкімі «тым қатал» екенін айтып, сотты «жұмсақ және адамгершілікке негізделген шешім» қабылдауға шақырды.

Сейсенбіде Хошимин қалалық халық соты Вьетнамның ең ірі банкі Saigon Commercial Bank (SCB) 12,5 миллиард долларға жуық ақша жымқырды деп сотталған 68 жастағы Ланның шағымын қанағаттандырмады.

Оның әрекеттерінен келген жалпы шығын 27 миллиард долларға бағаланады. Бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, бұл сома Вьетнамның 2023 жылғы ЖІӨ-нің 6 пайызына тең.

Сондай-ақ қазандағы жеке сот процесінде ол жалған облигациялар шығару және заңсыз трансшекаралық ақша аударымдары арқылы «активтерді алаяқтық жолмен иемдену» және басқа қылмыстар үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылды.

Вьетнам заңына сәйкес, сот үкіміне қарамастан, Лан ұрланған активтердің төрттен үш бөлігін (соманың 75 пайызы) қайтарып, билікпен ынтымақтаса отырып, жазадан құтыла алады. Кәсіпкердің заңгерлерінің айтуынша, шығынды өтеу үшін ол мүлкінің бір бөлігін сатуы керек, ал бұл уақытты қажет етеді.

9 миллиард долларды теңгеге шақсақ, 472 122 969 608 теңге болады.

Чыоң Ми Лан деген кім?

Чыоң Ми Лан — қытайлық вьетнамдық кәсіпкер әйел. Van Thinh Phat Group дамыту тобының негізін қалаушы. 2022 жылғы қазанда ол жиырмадан аса делдал арқылы бақылайтын акционерлік Сайгон коммерциялық банкінен 12,5 миллиард доллардан аса ақшаны ұрлау үшін несие өтінімдерін бұрмалағаны үшін қамауға алынды.

2024 жылғы наурызда ұрлық, пара алу және банк ережелерін бұзу ісі бойынша сот процесі басталды. Бұл — Оңтүстік-Шығыс Азия тарихындағы жемқорлық туралы ең ірі іс. 11 сәуірде Чыоң Ми Лан өлім жазасына кесілді.