Шетелде апатқа ұшыраған қазақ қызына көмек керек

0
1051

Вьетнамның Нячанг провинциясына анасымен бірге демалуға барған 21 жастағы Қазақстан азаматы квадроциклға мініп, апатқа ұшыраған.

Денесінің сау-тамтығы қалмаған: бірнеше жерден сүйек, бел омыртқасы сынған, бас сүйегі де сау емес, ішкі ағзалары езілген…

Квадроциклға отырғанда правасы болмаған, турфирма: “Кінәлі — өздерің, сақтандыру полисінен көк тиын төленбейді” деген. Бұл үш күн бұрын болған оқиға.

Қыз баланы бірден жасанды демалу құрылғысына қосқан. Туыстары «Журналиссіз ғой, көмектесіңізші, ешкіммен хабарласа алмадық. Консулдан да хабар жоқ» дегесін СІМ баспасөз хатшысы Айбек Смадияровқа Aibek Smadiyarovқа жаздық.

Ол Консулға хабарласатынын, көмектесуге тырысатынын айтты. Қуанып қалдық. Бірақ ертесі күні қыздың анасы жылап тағы көмек сұрады: «Елшіліктен де, консулдықтан да хабар жоқ. Баламның жағдайы ауыр. Қайда барам? Кімнен көмек сұраймын?» деп.

Біз қайтадан СІМ баспасөз хатшысы Айбекке жаздық. Ол мемлекеттен санавиация жіберу қарастырылатынын, Консул Әлімжан Өмірзақовтың осы мәселемен айналысып жатқанын айтты. Кешегі күн сонымен солай бітті.

Бүгін үшінші күн, апатқа ұшыраған қыздың анасы не ауруханадағы дәрігерлерден, не Консулдықтан хабар жоқ дегесін Әлімжан Өмірзақовқа Уотсапптан жаздық.

Ол ақпарат бере алмайтынын, СІМ арқылы сұрау салу керектігін айтты. Мен БАҚ өкілдеріне емес, науқастың туғандарына дәрігерлердің не деп жатқаны, елге жеткізетін санавиация мәселесі қалай шешілгені туралы ақпарат жеткізу керектігін айттым.

Консулға бұл ұнамай қалса керек, Уотсапптан ұрысып кетті: «Маған бұйырып сөйлемеңіз» деп))) Қызық, 21 жастағы қаршадай баланың тағдыры қыл үстінде, ал Консул оның анасына, туғандарына ақпарат бермейді.

Анасы жаңа ғана бізге Уотсапптан жазды: «Маған Консул бір де бір рет хабарласқан емес. Аурухана да ештеңе айтпайды. Баламды Әскери госпитальға алып кетемін. Сол жақта ем жасайды. Мына ауруханада ешқандай ем қабылдап жатқан жоқпыз. Көзін аша алмайды. Линзасы қалып қойған. Окулист керек деп бірнеше рет айттым, аурухана дәрігер жібермеді. Жағдайы қиын. Не істерімді білмеймін».

Қазір шекара сыртында ауыр халде жатқан науқастың туғандары еліміздегі мықты нейрохирург Мыңжылқыға хабарласқан екен: «Сіздер жіберген бас сүйектің снимоктары өтірік. Санавиациямен тез елге жеткізу керек» депті.

Мұндай кезде әрбір секунд қымбат. Қыз баланың анасы, туғандары мемлекеттен, құзырлы органдардан көмек түгілі дұрыс жауап ала алмай, шырылдап отыр.

Жарты сағат бұрын Айбек Смадияровқа тағы жаздым. Жауап жоқ. Консул анау, не журналиске, не науқастың туғандарына дұрыс ақпарат бермейді.

Егер бір ықпалдының не байшыкеш біреудің туғаны зиян шексе, жаны қалмай, мемлекет түгел көшіп кете жаздар еді. Қазақстандағы Адамның құны қандай екенін осындай оқиғалардан байқайсың…

Қосымша ақпарат: жаңа ғана Айбек СІМ тарапынан ресми хат жіберілгенін, санавиацияны жіберу не жібермеу туралы мәселені ҚР Денсаулық сақтау министрлігі шешетінін айтты.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕН, журналист.

Facebook  жазбасы.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.