Мұғалімдер жол апатынан қаза тапты

0
10140

Қостанай облысында адам шошырлық жол апатынан бірнеше мұғалім көз жұмғаны анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қайғылы оқиға 16 желтоқсан күні сағат 15 шамасында Қостанай – Әулиекөл – Сұрған тасжолында болған. Қарасу ауданы Герцен ауылынан 10 шақырым жерде Volvo мен Toyota Alphard көліктері соқтығысқан. Апаттан үш адам қаза тауып, тағы үшеуі Әулиекөл аудандық ауруханасына жатқызылды.

Қостанай облысы білім басқармасының баспасөз қызметі ЖКО-да мұғалімдердің қаза тапқанын растады.

«16 желтоқсанда Қостанай облысының аумағында жол апатынан екі педагог қаза тапқанын қайғыра хабарлаймыз. Қостанай ауданы Заречный мектеп-лицейінің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, сондай-ақ Алтынсарин ауданы Үлкен-Чураков жалпы білім беретін мектебінің педагог-психологы Қостанай – Әулиекөл – Сұрған тасжолында апаттан қаза тапты. Туыстары мен жақындарына көңіл айтамыз», — деді облыстық басқармада.