Аяз ата мен Ақшақар аузыңызды аңқитып кетпесін
Жаңа жыл қарсаңында алаяқтар әртүрлі айла-тәсілдерді пайдаланып, қазақстандықтарды сан соқтырып кетуі мүмкін. Осыған алаңдаған Қаржы нарығын реттеу және дамыту агентті мереке қарсаңында алаяқтардың қулықтарын тізіп өткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мәселен, агенттіктің fingramota.kz сайты жазғандай, Жаңа жыл қарсаңында алаяқтар Аяз ата мен Ақшақардың атын көп жамылады екен.
«Ата-ананың көбі балаларына сиқырлы мереке сыйлау үшін Аяз ата мен Ақшақардың киімін киіп келетін аниматорлар іздейді. Міне, алаяқтар жылда интернетте, әсіресе, әлеуметтік желілерде аниматордың хабарландыруын береді де алдын ала төлем алып, жоқ болып кетеді», — деп ескертіп отыр агенттік.
Сондықтан, үйге Аяз ата мен Ақшақар шақырғыңыз келсе ресми тіркелген компаниялардың қызметіне жүгінген дұрыс дейді мамандар. Сондай-ақ Аяз ата мен Ақшақар үйлерді тонап кететін жағдайлар да кездеседі екен.
«Аяз ата» мен «Ақшақар» келіп, мереке күні көтеріңкі көңіл күйде отырған үй иелерінің босаңғысағынын пайдаланып, үйді тонап кетуі мүмкін. Бірі – көңіл күйді аулайды, екіншісі қымбат заттарыңызды тонап жатады», — деп жазған агенттіктің сайты.
Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.