Асхат Аймағамбетов: «Бұл — заңды өрескел бұзу»

0
399

Асхат Аймағамбетов өзінің Telegram-дағы арнасында Семейдегі мектеп мұғалімімен болған оқиғаға қатысты пікірін бөлісті.

Семей қаласында мұғалімдерді жаңажылдық шыршаны орнатуға апарып, соның салдарынан бір мұғалімнің ауыр жарақат алған еді.

Аймағамбетов мұндай жағдайды жай ғана «жаңсақтық» деп қарастыруға болмайтынын айтып, «Педагог мәртебесі туралы» заңның 6-бабында нақты көрсетілгендей: мұғалімдерді кәсіби міндеттеріне жатпайтын жұмыстарға тартуға қатаң тыйым салынатын еске салды.

«Жаңа жылдық шырша орнату, көше тазалау, басқа да науқандарға мәжбүрлеп тарту сияқты ескі «дәстүрлерден» біржола бас тартуымыз керек. Бұл – заңды өрескел бұзу», — деді ол жазбасында.

Оның айтуынша, осы оқиға бойынша нақты мынадай шараларды қолға алу қажет: 1. Облыс басшылығы бұл жағдайды мұқият тергеп, жауапты тұлғаларды жазалауға тиіс. 2. Мұғалімдерге тікелей міндетіне жатпайтын жұмыстарға тартуды тоқтату үшін министрлік бақылауды күшейтуі қажет.

3. Білім басқармалары мен мектеп әкімшіліктері мұғалімдердің құқықтарын қатаң сақтау бойынша міндеттерін орындауға тиіс. «Мемлекет басшысы әрдайым мұғалімдердің мәртебесін қорғау мен олардың құқықтарын сақтау мәселесін ерекше назарда ұстап келеді.

Біздің міндетіміз – сол талаптарды орындап, заңның жұмыс істеуін қамтамасыз ету. Министрліктің бұл мәселені бақылауға алғаны – үміт береді. Жарақат алған әріптесімізге тезірек сауығып кетуін тілеймін», — деп түйіндеді бұрынғы министр.

Фото интернеттен алынды.