Оқушылардың жүкті болып қалуы дәрігерлерді алаңдатуда

0
87

Атыраулық дәрігерлерді жасөспірімдер арасындағы ерте жүктілік алаңдатып отыр. Кейінгі бес жылда өңірде 800-ден аса кәмелет жасына толмаған қыз жүкті болған, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Almaty tv телеарнасына сілтеме жасап.

Облыс бойынша 2020-2024 жылдар аралығында 794 оқушы қыз жүкті болған. Атап айтқанда, 2024 жылы мұндай 127 жағдай тіркелсе, ең жоғарғы көрсеткіш 2021 жылы — 194 жүктілік анықталған.

Олардың арасында 419 жасөспірім-ананың 45-і жүктілігін бастапқы кезеңде тоқтатқан. Ал мамандар ерте жаста түсік жасатудың денсаулыққа аса зиян екенін айтып отыр.

«Жасөспірім қыздар ерте жүкті болып қалған жағдайда анасынан, әкесінен қорқып, көбінесе түсік жасауға талпынады. Ал өз еркімен түсік жасатудың соңы қауіп-қатерге әкелуі мүмкін. Біріншіден, әйел адамның репродуктивті органдарына яғни жатырында, түтіктерінде, аналық бездері қабыну процесіне әкеледі. Бұдан бөлек, жастайынан түсік жасатқан қыз бала екінші рет ана болу мүмкіндігінен айырылуы мүмкін», — деді акушер-гинеколог Әйгерім Қайратқызы

Жас аналарда физикалық өзгеріспен қатар, психикалық жай-күйдің бұзылысы болуы мүмкін. Стресстік жағдайда ата-ана атанған жасөспірімдердің қоғамға бірден бейімделе алмай да жатады. Моральдық әрі материалдық қиыншылықтар көп жағдайда тастанды балалардың қатарын арттырады.

«Қыз бала әкесіз өссе, яғни әкесінің махаббаты жетпегендіктен, жылулықты даладан, басқа адамдардан іздейді. Үлкен адамдардан іздегендіктен, алданып қалып, осындай қиын жағдайға ұшырап жатады», — деді психолог Гүлвира Нұрсұлтанқызы.

Қазір облыста 7 567 әйел жүктілік бойынша есепте тұр. Ал ведомство ұсынған статистикалық мәлімет бойынша кәмелетке толмағандар арасындағы жүкті болу фактілері көбінесе Жылыой ауданы мен Атырауда тіркеледі.