«Дикий Арманның» біз білмейтін тағы бір тірліктері

0
324

«Сәлім-байбатша» абақтыдан шықты, «Дикий Арман» 20 жылға сотталды. Осы екі жаңалықта өзара байланыс бар ма?

Қаңтарға оқиғасына қатысты қылмыстық істердің бірсыпырасына байланысты сот шешімі шықты. «Дикий Арман» (Арман Жұмагелдиев) — 20 жылға, Бердах Бекетов – 7 жылға, Алматы мәслихатының экс-депутаты Қайрат Құдайберген — 8 жылға, ҰҚК-нің экс-басшыларының бірі Руслан Ысқақов 15,5 жылға сотталды.

Бұлардың ішінде «Дикий Арман» өзін халықтың жанашыры, еліміздің патриоты санайды. Кейбіреулер осы сөзге сене ме, әлде қылмыс әлемінің серкелерін авторитет көре ме, олар да «Дикий Арманды» «қарадан шыққан батыр» санайды.

Шындығында Арманның бүткіл саналы өмірі қылмыспен байланысты. Қылмысы үшін бірнеше мәрте түрмеге отырып шықты да.

2000-жылдардың ортасында «Дикий Арман» бастаған бұзақылар Шымкент қаласында Жармахан Тұяқбай, Алтынбек Сәрсенбаев, Болат Әбілев секілді оппозиция лидерлеріне шабуылдап, «Әділетті Қазақстан үшін» ұйымы жиналысының шырқын бұзғаны әлі естен шыққан жоқ.

Оның бұдан басқа да қылмыстары көп. Соңғы 25 жылдағы «Дикий Арман» өмірінің біраз жылы түрмеде өтті.

Қайғылы Қаңтар оқиғасында «Дикий Арман» елде тәртіпсіздік тудырып, соны қалқалап мемлекеттік төңкеріс жасамақ болған өшпенді топтың қолшоқпары болды.

Ол бейбіт митингіні арандатумен айланысты, көшедегі жүргіншілерді ұстап алып ұрып-соқты, 24 адамды аяусыз азаптағаны — дәлелденген факт. Соның салдарынан — ұрып-соғудан бір адам өлді, бірнеше адам ауыр жарақат алды.

«Дикий Арман» қасына төрт-бес қазақ жігітті ертіп Қаңтар оқиғасының қарсаңында Дубайдан Ташкентке ұшып келген.

Олар 2021 жылдың желтоқсан айының ортасына шейін қылмыс әлемінің серкесі саналатын «Сәлім-байбатшаның» (Сәлім Абдувалиев) «Ақсарай» деп аталатын Ташкенттегі үлкен үйінде қонақтап жатты.

Кейбір мәліметтерде «Дикий Арман» өзімен бірге Алматыға ертіп бару үшін «Сәлім-байбатшадан» өзбектің экс-спортшыларынан тұратын бірнеше ұрдажық жігітті беруін сұраған, бірақ Сәлім Абдувалиев А.Жұмагелдиевтің ондай өтінішін орындамаған.

«Дикий Арманға» қатысты қылмыстық іс материалында Қаңтар оқиғасы кезіндегі Арман Жұмагелдиевтің Алматыдағы әрекетіне ҰҚК төрағасының сол кездегі орынбасары Руслан Ысқақов бағыт-бағдар беріп отырған.

Ал «Дикий Арманның» Дубайдан — Ташкентке, Ташкенттен Алматыға келуін сол кездегі ІІ министрі Ерлан Тұрғымбаев қадағалады.

«Дикий Арман» Ташкентегі «Ақсарайда» жатқанда Е.Тұрғымбаевпен екеуара жазысқан смс хабарламалар бар.

Қаңтар оқиғасы аяқталған соң Ерлан Тұрғымбаев Шанхай ынтымақтастығы ұйымының (ШОС) антитеррор бөлімнің Ташкентегі офисін басқаруға кетті.

Осы тұста Өзбекстан полициясы «Сәлім-байбатшаны» бір топ жақтасымен қоса қамауға алған болатын. Кейін Е.Тұрғымбаев ШОС-тан кетіп, елге келді, ол қамауға алынды.

Қаңтар оқиғасына байланысты «Дикий Арман» ісіне нүкте қойылып, 20 жылға сотталып жатқан тұстан Ташкентегі «Сәлім-байбатша» бостандыққа шықты деген хабар тарады. Осы екі жаңалықтың өзара байланысы бар ма, жоқ па, оны әзірге белгісіз.

Ораз ӘЛІМБЕКОВ, журналист.

Facebook жазбасы.

Фото автордың парақшасынан.