Бас имамның зәулім сарайы: Имам жауап берді

0
209
Екі күннен бері әлеуметтік желілерде «Астана қаласының бас имамының үйі екен» деп жұрт бір зәулім үйге қатысты қызу талқы жасады деп жазады Democrat.kz.
Видео болып тараған бұл зәулім үй туралы бейтаныс кісі «мынау — Астана қаласының бас имамының үйі екен. Қазір ғана осында бір аспазды әкелдім. Міне, біздегі имамдардың жағдайы!» дейді. Өкінішке қарай, мына парақшадағы видео өшіріліпті.
Бұл видеоға қатысты жұрт ашуланып, «халықтан жиған садақаға осындай зәулім үй салып алған да» деген сыңайдағы пікірлер жазуда.
Алайда аталмыш видеоға қатысты Астана мешітінің бас имамы Ербол Жүсіп өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында:
«Ассалаумағалейкүм! Құрметті, бауырлар! Қадірлі мұсылман жамағат! Қазір әлеуметтік желіде Ислам дініне және діннің айналасында жүрген азаматтарға күйе жағу мәселесі белең алды.
Ондай адамдар тым шектен шықты деп айтуға болады. Ең әуелі Алла оларға хидаят берсін дейміз.
Фейсбук, тикток әлеуметтік желісінде белгісіз бір азамат жалған аккаунт арқылы «Мынау тұрған зәулім үй Астана қаласының бас имамының үйі» деген мазмұнда видео бөліскен.
Бұл мүлдем шындыққа жанаспайтын өтірік ақпарат екендігін қаперлеріңізге саламын.
Алла елшісі: «Сендердің араларыңдағы Алла Тағалаға ең жек көрініштілерің өсек таратып, адамдар арасына іріткі салып, алауыздыққа апаратындарың»-деген.
Ардақты мұсылман қауым, арандатушылардың өсек-аяңынан баршамызды сақтасын.
Мен, Ерболат Жүсіпов Астана қаласының Бас имамы ретінде бейне материалда тараған ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеймін» деп жазды.
Астана қаласының бас имамының бұл жазбасының астына «сіздің үйіңіз болмаса, өз үйіңіздің фотосын неге көрсетпейсіз?» «сөзіңіз шын болса, бұл үйдің сіздікі емесін неге дәлелдемейсіз?» деп пікір жазған жұртқа Ербол Жүсіпов мүлде жауап бермеді.
Сонымен бұл зәулім сарай кімдікі? Сіз қалай ойлайсыз?
Дайындаған — Хақназар САДЫРХАН.
Фото видеодан скринделді.