Оқушы қыздар жүктілігі: Білім мен тәрбиенің жоқтығынан

0
43

Таяуда Қазақстан Республикасы Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп жеткіншектер арасындағы жүктілік жайын қозғап, Үкімет басшысына сауал жолдады.

Бір қарағанда, бұл жеке адамның мәселесі сияқты көрінуі мүмкін. Алайда оның салдары бүкіл қоғамға әсер ететіні анық. «Ұлтымыздың болашағына алаңдсақ, жасөспірімдер арасында жүргізілетін түсіндіру жұмыстарын жүйелеу қажет» деген сенатордың депутаттық сауалын назарларыңызға ұсынамыз.

Қыз тағдыры – Ұлт тағдыры!

Қыз тағдыры – Ұлт тағдыры! Елімізде ерте жүкт­ілік жиілеп кеткенін байқап отырмыз.  Бұл ұлт са­па­сына тікелей әсер ететін фактор екені белгілі.

Осы орайда нақты деректерге тоқталғым келеді. Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне назар аударсақ, соңғы бес жылда 15-18 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында туу көрсеткіші шамамен 1,5 есеге артқан. Жасөспірімдердің туу деңгейінің күрт өсуі пандемия кезінде басталған. Содан бері өткен төрт жылда бұл үрдіс бір деңгейде сақталып келеді.

2023 жылы қаршадай қыздар арасында 5 094 босану тіркелген. Бұл сол кезеңдегі жалпы туу көрсеткішінің 1,3 пайызын құраған (2019 ж. – 3 602 жағдай, 0,9%). Осылайша, ел бойынша туу көрсет­кіші 15-19 жастағы 1 мың қызға 32,63-тен келіп отыр. Ал ауылдық жерлердегі жасөспірімдер арасында аталған көрсеткіш қаладағы көрсеткіш-тен екі есеге дерлік көп, яғни, тиісінше 44,15 және 24,72.

Біз осы қайда бара жатырмыз? Ұят деген ұғым­ның өлгені ме? Адамдықты надандық жеңгені ме?

Бұл бірлі-екілі жағдай болса бір жөн.

Еліміздің жеті өңірінде, әсіресе, оңтүстік және батыс аймақтарда жасөспірімдер арасындағы туу көрсеткіші республикалық көрсеткіштен жоғары. Оның ішінде, Жамбыл (52,94), Түркістан (47,09) және Маңғыстау облыстарындағы (37,7) деректер ерекше алаңдатады. Бұл өңірлерде жасөспірімдердің туу көрсеткіші ауылдық жерлерде де, қала тұрғын­дары арасында да өте жоғары.

Бұл ретте аталған туу деректері – медициналық мекемелерде жүктіліктің тіркелген фактілері бой­ын­ша анықталғанын ескеруіміз керек. Әрбір жүк­тілік бала тууға әкелмейтінін назарға алсақ, жүктілік жағдайы біз келтірген деректерден әлдеқайда көп болуы мүмкін екенін аңғарамыз.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, былтыр жасөспірімдер арасында жүктілік жағдайларының 10,2 пайызға төмендегені байқа­лады (2023 жылға қарай). Дегенмен, уәкілетті орган жүктіліктің әрбір жағдайын тіркемейтінін есте ұстаған жөн. Сондықтан деректердің дұрыс есеп­тел­меуінен де осындай динамика қалыптасуы мүмкін.

Жап-жас қыздарды қорлау, тіпті зорлау көбейді.

Бұл жағдай да ерте жүктілікке әкеледі. Бірақ көбіне мұндай оқиғалар жабулы күйінде қалады. Ішінен тынып қыз қалады. Жүректерде сыз қалады.

«Ауруын жасырған өледі» дейді біздің қазақ. Көрсек те көрмеген, білсек те білмеген болып отыра береміз бе?

Біз бұл проблемаға айрықша назар аударуымыз қажет. Өйткені оның салдары әлеуметтік тәуекел­дерге әкеліп соқтырады. Бұл – өте нәзік әлеуметтік мәселе. Бала көтеретін жасқа келген қазіргі жасөс­пірімдердің репродуктивті денсаулық жағдайы алдағы 10-15 жылдағы туу мен демографияға тіке­лей әсер ететіні анық.

Сонымен қатар ерте жүкті болған қыз автоматты түрде қауіп-қатер аймағына енеді, білім алу мүм­кіндігін жоғалтады, әлеуметтік қайшылықтарға тап болады. Тіпті, суицид жағдайына әкелетін психо­логиялық көңіл күйге ұшырайды.

Сондықтан осы айтылғандарды ескере отырып, балалар мен жасөспірімдерге аталған мәселеге қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізуді ұлттық деңгейде жүйелеу қажет деп есептейміз.

Бірінші.  Оқу-ағарту, Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің, сондай-ақ осы салада жұмыс істейтін халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың (UNFPA, UNICEF және т.б.) қатысуымен жасөспірімдер арасында жүктілік пен туу санының өсу себептеріне ведом­ство­аралық талдау жүргізу қажет.

Екінші. Жастар денсаулық орталықтарының қызметіне олардың өмірлік қиын жағдайға тап бол­ған кәмелетке толмағандарға психологиялық және медициналық қолдау көрсету жұмыстарының тиім­ділігі тұрғысынан бағалау жүргізу қажет.

Үшінші. Кәмелетке толмағандардың құқық­тарын қорғауға қатысты заңнаманың орындалуына мониторинг пен бақылауды күшейту аса маңызды. Сонымен қатар зорлық-зомбылық фактілеріне  жіті мониторинг жүргізіп, жетесіз жастардың жауапкер­шілігін күшейту керек.

Төртінші. Жасөспірімдер мен олардың ата-аналарының ерте жүктілік қаупі, сондай-ақ кәме­летке толмағандардың жауапкершілігі мен құ­қықтары туралы хабардар болу деңгейін арттыруға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жедел қолға алу керек.

Ойнап жүріп, от басты ма?

Ойнақтап жүріп от басып өзінің тұтас тағдырына балта шапқан қыз балалардың  жыл санап көбейіп бара жат­қаны алаңдатады. Тақырып жаз­ы­ла-айтыла жауыр бол­ғаны­мен, бүгінгі қоғамда өзек­тілігін жоймай, тіпті жыл санап «балалы болған балалардың» қатары аса үлкен қарқынмен өсіп келеді…

Ерте жүктілік оқиғалары басқа аймақтармен қатар Ақ­мола облысында да өткір мәселеге айналған. Тек соңғы бес жыл ішінде  өңірде 231 қыз баланың аяғы ауыр болғаны туралы ресми ақпарат жария етілді. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының дерегін­ше, 2023 жылы кәмелет жасына толмаған қыздардың жүктілік оқиғасының 42 фактісі тіркел­се,  былтырғы жылдың алғаш­қы 10 айында ғана 34 қыз бала жүкті болып қалғаны анықтал­ған. Құзырлы ведомствоның мә­ліметінше, ерте жастан жүкті болған қыздардың көпшілігі 15-17 жас аралығындағы жас­өспірімдер болып шықты.

«2024 жылдың 10 айында 34 қыз бала жүкті болды. 2023 жыл­дың 10 айында дәл осын­дай 42 факт тіркелді. Соңғы 5 жыл­да  231 қыз баланың аяғы ауыр болған», – делінген об­лыс­тық Денсаулық сақтау бас­қармасы БАҚ өкілдеріне тарат­қан ақпаратта.

Ведомствоның мәліметінен жүктілікті жасырып жасанды түсік жасатқан жасөспірім­дердің де күн санап ұлғайып келе жатқанын байқауға бола­ды. Мәселен, 2023 жылы 2 қыз балаға аборт жасалса, былтыр 6 бірдей қыз баланың жасанды түсік жасатқаны мәлім болған. Сондай-ақ 2023 жылы есепке қойылған өрімдей ғана 40 қыз аман-есен аяқ-қолын бауыры­на алса, былтыр 28 қыз баланың босанғаны белгілі болды.

Әр санның артында тұтас бір тағдырлар тұрғаны әрі статистикалық көрсет­кіштердің жыл санап еселеп өсіп бара жатқаны алаңдатады. Бір анығы, жоғарыда аталған­дар тек ресми түрде анықталып, тіркелген шынайы көрсеткіш­тер. Өкініштісі сол, ойнақтап жүріп от басып, опық жеген жас­өспірім қыздардың ешқай­да бармастан істі жабулы күйін­де қалдырып жатқаны бұл сан әлдеқайда көбірек емес пе екен деген қауіпті ойларға жетелейді.

Көкшетау қаласындағы «Ана­лар үйі» қоғамдық қоры ресурс­тық орталығының үйлестірушісі Құралай Жұмабекова өңірдегі жасөспірімдер жүктілігінің бір­неше нақты себебін атады. Сон­дай-ақ түйткілді мәселені шешу үшін бірінші кезекте қоғамның, мемлекеттік органдар мен білім беру мекемелерінің ерекше назар аударуын қажет ететінін жеткізді.

– Өкінішке қарай, соңғы жыл­дары кәмелет жасына толмай, оң жақта отырып жүкті болып жат­қан жасөспірімдердің саны күрт өсіп барады. Көпшілігі, әсіресе студенттер жасырын түр­де баладан бас тарту мақсатында перзентханаға барып, елеусіз ешкімге білдірмей кетіп қалып жататын жайлар кездеседі. Ой­нақ­тап жүріп от басып, жүкті болудың бірнеше себебі бар. Біріншіден, жыныстық сауатты­лық деңгейі жеткіліксіз. Көптеген отбасы мен мектептерде жыныс­тық тәрбие беру тыйым салынған тақырып күйінде қалып келеді. Екіншіден, әлеуметтік фактор­лар, отбасылардағы төмен күн­көріс деңгейі, отбасындағы қол­даудың жеткіліксіздігі мен ор­та­ның ықпалы да кері әсерін тигізеді. Тағы бір аса маңызды себеп, медициналық және психо­логиялық қызметтің қолжетімсіз­дігі болып отыр. Көп жасөспірім қайда барып кеңес алу керегін де білмейді. Біздің аналар үйінде де кәмелет жасына толмай ана атан­ған жасөспірімдер болды. Қазір жоқ, – дейді Құралай Жұма­бекова.

«Аналар үйі» басшысы ерте жүк­тіліктің себебінен тыс, сал­дары туралы да ойларымен бөл­істі. Оның айтуынша, жасөс­пірім қыздардың ағзасы бала көтеруге әзір болмайтындықтан, үлкен шиеленістерге әкеліп соғады. Мұнымен қоса, ерте жүктілік пен ана атану баланың оқуды тас­тауына, карьералық болашағына балта шабуына және қаржылық тәуелділікке ұшыратады. Соны­мен қатар жасөспірім аналар қо­ғамның талқысы мен психоло­гиялық қысымға ұшырап, эмо­цио­налдық күйзеліске түседі.

«Аналар үйі» қоғамдық қоры­ның үйлестірушісі жағдайды бақы­лауға алып, өткір мәселені шешу үшін білім беру орындары жыныстық тәрбие мен медицина­лық кеңеске қолжетімділікті арт­тыру қажет екенін жеткізді.

Бүгінде құзырлы органдар тарапынан жасалып жат­қан шаралар жеткіліксіз деп са­наймын. Жағдайды қалыпқа келтіру үшін мектептерде мін­детті жыныстық тәрбие беру ен­гізілуге тиіс. Жасөспірімдер шын­айы ақпаратқа қол жеткізе алуы керек. Мектептерде ата-аналармен жұмыс істеп, оларға да жыныстық тәрбие беру қажет. Қыз балалармен қатар ер бала­лармен де жабық тақырып жайлы ашық сөйлесу қажет. Кәдімгі репродуктивті денсаулық туралы оқыту жүргізілуі керек.

Сонымен қатар ата-аналар балаларымен маңызды тақырып­тарды талқылаудан қорықпағаны жөн. Мемлекет тарапынан жас аналарды қолдайтын әлеуметтік бағдарламалар, оқыту және жұмысқа орналасуына көмек көр­сету мәселесі қолға алынуы қажет. Шұғыл шараларға келсек, жасөспірімдерді мектепте ғана емес, мектептен тыс уақыттарда да жұмысты күшейтіп, про­фил­актикалық бағдарламаларды дамытып, ол процеске ата-ана­ларды да тарту керек, – дейді Құралай Жұмабекова.

Ерте жүктілік көбейді

Атырауда былтыр 127 мектеп оқушысы жүкті болып қалды. Бұл – алып-қашпа әңгіме емес, кәдімгі ресми мәлімет. Атырау облысы Денсаулық сақтау бас­қар­масы «жабық» ақпаратты рас­тап отыр. Қазір кәмелетке толмаған 92 оқушы қыз жүктілігін аяқтаған. Оның ішінде босанған­дары да, түсік жасатқандары да бар.

Атырау облыстық Денсау­лық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиевтің айтуынша, оқушы қыздар ара­сында жүкті­лік­тің көбеюінің бірнеше себебі бар.

«Бұл жерде әлеуметтік, эко­­номикалық проблемалар, мәдени және діни ерекшелік­тер, сондай-ақ жасөспірімдер­дің ерте физио­логиялық же­тіл­уі сияқты мәселе­лер бар. Ата-аналардың балаларға тиісті деңгейде назар аудар­мауы, отбасындағы ауыр ат­мос­фера, мұның барлығы, сай­ып келгенде, жасөспірім қыз баланың келеңсіз жағ­дай­ға тап болуына себеп бол­ып отыр», – дейді спикер.

Дегенмен алдыңғы жылғы көрсеткіштермен салыс­тыр­­ғанда, Атырауда оқушы қыздар арасындағы жүктілік сәл де болса азайған. Мәселен, 2022 жылы облыста 173 жасөспірім қыз жүкті болған. Оның ішінде 102 жүкті оқушы қаладан, қал­ғаны ауылдық жерлерден тір­келген.  Сол жылы 85 жас­өс­пірім ана атанған. Белгілі болған­ын­дай, оқушылар арасын­да­ғы жүк­ті­лік мәселесі Мақат және Жылы­ой аудандарында жоғары болып тұр.

«Біздің қолымыздағы мәлі­меттер ерте жастан жүкті болу мәселесі көбіне діни сенімді ұс­танатын отбасыларда тіркел­етінін көрсетіп отыр. Толық емес отбасыларда да мұндай жағдай бар», – дейді Атырау облыстық Денсаулық сақтау басқармасы­ның басшысы Қайсар Абдалиев.

«Сол себепті жасөспірімдер ара­сындағы ерте жүктіліктің ал­дын алу үшін ата-аналар, мек­теп әкімшілігі және ден­саулық сақтау органдары бір­лесіп профилакти­калық жұ­мыс­тар жүргізуі қажет. Бұл бағытта жасөспірімдерге жын­ыс­тық тәрбие беру, олардың құқықтық сауаттылығын арт­тыру және ата-аналармен тығыз бай­ланыс орнату маң­ыз­ды», – дейді маман.

Мамандардың айтуынша, жасөспірім қыздар көбіне ата-аналарынан қорқып, түс­ік жас­атуға мәжбүр болады.

«Мұндай фактор олардың денсаулығына кері әсерін тигізіп, бедеулікке әкелуі де мүмкін. Соны­мен қатар ерте жүк­тілік жас аналардың пси­хи­калық жағ­дайына да әсер етіп, қоғамға бейімделуін қи­ын­датады. Мораль­дық және материалдық қиындықтар да үлкен әсер етеді. Бәріне бірдей топырақ шашпай­мыз, деген­мен әкесіз өскен қыз­дар ер адам­дардың жылуын іздеп, алданып қалуы мүмкін. Бұл жағ­дайлар олардың ерте жүк­тілікке ұшырауына себеп бол­уы ықтим­ал», – дейді отбасы­лық психолог Салтанат Қа­бақ­баева.

Әдетте «мал құлағы саңыр­ау» деп жылы жаба қоя­тын тақ­ырып, шыны керек, қазақ от­басында талқылана бермей­ді. Бірақ ұрпақты ата-ана, отбасынан бұрын интернет тәр­биелеп жат­қан қазіргі заманда ұлға да, қызға да жыныстық тәрбие беру өзекті болып отыр­ғандай.

Акушер-гинеколог Әйгерім Қайратқызының айтуынша, соң­ғы төрт жылда Атырау об­лыс­ында кәмелетке толма­ған қыздар ара­сында жүктіліктің 800-ге жуық жағдайы тіркелген.

«Жүкті болып қалған жас­өс­пірім қыздар көп жағдайда жа­қын­дарының қолдауынсыз қала­ды. «Әке болуға дайын емеспін» деген желеумен жет­кіншектің өз жөнімен кететіні онсыз да белгілі. Сондықтан ерте жүктілік қыз балаларға физикалық және пси­холо­гиялық тұрғыдан қатты әсер етеді. Медициналық тұрғыдан қарастырғанда, ерте жүктілік жасөспірімдердің денсаулы­ғына өте қауіпті. Қыздар жиі қолдана­тын түсік түсірудің соңы бедеулік­пен, кейде тіпті өмірімен қош айтысумен аяқ­тал­уы да мүмкін. Сондықтан «менің қызымның басындағы жағдай емес» деп бұғып отыр­май, бұл мәселеге тұ­тас қоғам назар аударуы ке­рек», – дейді акушер-гинеколог Әйгерім Қайратқызы.

Атыраудағы әжелер мекте­бі­нің төрайымы Жұмагүл Нәси­қызы бесіктен белі шық­паған қыз балалар арасындағы ерте жүктілік мәселесінің өр­шуі­не отбасындағы тәр­биенің ақсауы кері әсер етіп жатыр деген пікірде.

«Қызға қырық үйден тый­ым» деген керемет сөз бар. «Қыз – қо­нақ» деген халқы­мыз, оң босаға­дағы қызын қашанда аялап, әлпештеп, төрінде еркелетіп өсірген. Ана­сы, әжесі, жеңгесі, одан қал­ды тұтас рулы ауыл қыз баланың тілеуін тілеп, тәр­биесіне араласып отыратын. Өкінішке қарай, қазіргі қоғам­да ана, әже, әке, ата мектебі әл­сіреп кетті. Қу тіршіліктің қамымен уақытының көп бөлігін жұмыста, интернетте өткізетін заманауи от­басылар құндылықтардан ажыр­ап барамыз. Өзінің әрқа­шан отбасына керек екенін сезініп өскен қыз баласы қате қылық жас­амайды. Қыз балаға қамқор болып жүретін әкесі, ағалары болса, пайдалануды ойлап тұра­тын зорлықшылар да жолай алмас еді», – дейді Жұмагүл Нәсия­қызы.

Зорлықшы дегеннен шы­ға­ды, Атырауда осы тақырып­қа қатысты сұмдық жағдай болған еді.  Өзін зорлаған ер адамға күштеу арқылы тұр­мыс­қа шық­қан 15 жастағы жүк­ті қыз бала көмек сұрап да­был қаққан еді. Әлеуметтік желідегі парақ­шасы арқылы көмек сұраған қыз бала өзін 20 жастағы ер адам­ның зорлап кеткенін мә­лім­деген болатын.

«Зорлық салдарынан жүкті болып қалдым. Кейін шу бол­мас үшін жігіт күшпен әйел­дікке алды. Аяғым ауыр бол­ғанына қарамастан, күй­еуім­нен әлі қорлық көріп келем­ін. Анам жүре алмайды, онко­логиялық ауруға шалдыққан. Мен күйеуімнен де, оның от­басынан да қысым көріп жүр­мін. Кімнен көмек сұрарымды да білмеймін. Жинап жүрген дәлелімнің бәрі телефонымда болатын. Бірақ олар менің теле­фонымды сындырды. Өзі­ме жас­алып жатқан қысым­ды қа­лай дәлелдерімді де біл­мей­мін», – деген еді шарасыз жасөспірім.

Атырау облысының Поли­ция департаментінде аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатқа­ны хабарланды.

«Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ал­ғаш­қы тергеу барысында жә­бір­ленуші қажетті сот-меди­циналық сараптамадан өтуден бас тартты. Бұл толық тергеу әре­кеттеріне кедергі келтірді. Алайда 25 қыркүйекте әлеу­меттік желілерде таратылған ақпарат негізінде тергеу қайта басталды», – деп нақтылады Атырау облысы Полиция деп­артаментінің ресми өкілі Мей­ір­ім Ердәулет.

Соңғы төрт жылда оқу­шы­­лар арасында 800 жүк­тілік тіркелген. Жоғарыда айтылған бұл қорқынышты статис­тиканың артында қилы-қилы тағдырлар жатыр.

Дереккөз: Aikyn.kz.

Фото интернеттен.