Депутат станокпен ақша басып шығаруды ұсынды
Ұлттық Банк төрағасының орынбасары Асылжан
Баймағамбетов 2025 жылғы 6 ақпанда Сенат дәлізінде журналистерге берген сұқбатында Мәжіліс депутатының ақша басып шығаратын станокты қосу туралы ұсынысына қатысты өз пікірін білдірді, деп жазады Dalanews.kz.
Айта кетсек, кеше Мәжіліс депутаты Серік Егізбаев Үкімет пен Ұлттық Банкке ақша массасының эмиссиясын ұлғайту үшін батыл және ерекше шешім қабылдауды ұсынған еді.
Оның айтуынша, 2024 жылдың қорытындысы бойынша ауылшаруашылығы саласында әлі күнге дейін 296 млрд теңгенің субсидиялары төленбеген, оны фермерлер қарыз алып жапқан. Ал 2025 жылға 110 млрд теңге сомасына тағы қосымша қажеттілік бар.
«Фермерлер өз өтінімдерінің орындалуын 2 жылға дейін күтеді. Мемлекеттен төлемдердің кешігуіне байланысты олар екінші деңгейдегі банктердің қымбат несиелері есебінен шығындарын жабуға мәжбүр, бұл олардың қаржылық жағдайын нашарлатуда», — деп атап өткен депутат Үкімет пен Ұлттық Банкке «ақша жоқ» деудің орнына ақша басып шығаратын станокты іске қосуды ұсынды.
Ұлттық Банк өкілі бұл тығырықтан шығу амалы бола алмайтынын баса атап өтті.
«Ақша басып шығаруда кез келген жағдайда инфляция одан сайын зорая түседі, бұл кедейлерге салынатын салық, яғни ол халықтың ең осал тобына қатты әсер ететін болады. Яғни, еңбек табысы құнсызданады, орта таптың банктегі жинақтары құнсызданады мұндайда. Сондықтан бұл ұсыныс… Әлі де ойлану керек. Бұл тығырықтан шығудың жолы емес деп санаймын», – деді Ақылжан Баймағамбетов.