Мұғалімге мүмкіндік бермейтін министрлік көрінгеннің жобаларын білім саласына тықпалап әлек

0
999

Мәжіліс депутаты Ирина Смирнованың Оқу ағарту министрлігіне қатысты айтқан өткір сынына байланысты қазақстандық белсенді ұстаздар өз пікірін білдіруде деп жазады Democrat.kz.

Естеріңізге салып өтейік, Ирина Смирнова Оқу ағарту министрілігіне «мұғалімдерді түрлі курстарда оқыта бергеннен өзгеріс болмайды. Өзгерісті өздеріңнен бастаңдар, Оқу ағарту министрлігі!» дегенге саятын пікірін ортаға салған еді.

Осыған байланысты белсенді ұстаз Сәния Нүсіпәлі:

«Рас айтады. Бұл ұсынысты баяғыда айтқанбыз! Министрліктегі мамандар қазақша ойлап, қазақша шешім қабылдамайынша, ұлттық оқу-ағарту келмеске кетеді.

Кім көрінгеннің жобасын бас салып, кіргізе беретін, кім көрінгенді ғалым деп, төрге отырғызып, халыққа қызмет етіп жатқан педагогтерді жұлмалап жатқан министрлік ұжымы- ешқашан өз қателіктерін мойындамайды.

Дәл қазір жүріп жатқан, «Мақсатты мектеп» жобасының ешқандай маңызы жоқ. Ескі сүрдекпен келе жатырмыз.

Оқушылардан алып жатқан тест сұрақтары, бағдарлама мен оқулыққа сәйкес емес. Әрқайсысы өзінше қожа болып, әр өңірде әртүрлі заң орнатып алған.

Облыстар мен министрлік арасында байланыс жоқ. Әр өңірдің «Өрлеуі» әртүрлі бағытпен жұмыс жасап жатыр.

Педагогтардың ұсыныстары мен мүмкіндіктерін жерлеп көміп тастады. Саралап, талдап қауіп- қатерін ашып берген, педагогтарды жау санады. Бізде қандай мүмкіндік қалды?

Жабылып мақтап-мақтап өткізіп жіберетін жобалардан жиіркенентін болдық. Екі ортада, оқушыларға обал!

Обал сауапқа қарамайтын шенеуліктер-тек өздерінің мақтауын асырған топқа қызмет етуде» дейді.

Фото көрнекілік үшін.