Жеке джет ұшағы бар «ким-огайларға» кеншілердің өмірі көк тиын ба?

Алматының экс-әкімі Есімов кәрістерге неге таңданды?Өндірісте апат болып, кеншілер өліп кететін қайғылы кезеңде Алматыда әкім болған Ахметжан Есімовті «есінен тандырған» бір оқиға есіме түседі…
Алматыдағы Саин көшесімен тауға қарай өрлеп бара жатқанда оң жақтан Оңтүстік Кореяның құрылыс компаниясы салған тұрғын үй кешені менмұндалайды.
Сол үйлерді салуды бастағанда қала әкімі А.Есімов құрылысты көруге барыпты. Жан-жағына қараса, құрылысшылар ары-бері жүретін соқпақтың екі қанататына тізбектеп жалаушалар қадап қойыпты.
Кейбір жерге қауіпсіздік үшін ұзын белдемше темір дәнекерленіп, қызыл-ала лента тартылған. Құрылыс алаңы көктемдегі қызғалтақ қаптаған қазақтың сайын даласына ұқсап кетіпті…
Салынып жатқан әрбір тұрғын үй, үйлердің қабаттары нөмірленген, былай жүруге болатыны, олай жүруге болмайтыны түгел таңбаланған.
Жұмысшылардың басында каска, үстінде арнайы тігілген киім. Кейбірі альпинистің асай-мүсейіне ұқсас ілгектерді белдігіне байлап алған. Жұмыста емес, соғыста жүргендей…
Жұмысшылар киген бәтеңкеге әкімнің көзі түседі. Қараса, бәтеңке сыртынан темірмен құрсауланыпты.
Мұндай бәтеңкені өмірінде алғаш көрген әкім «Сіздің елде қауіпсіздікке қатты көңіл бөледі екен…» депті құрылыстың Оңтүстік Кореядан келген басшысының бетіне қарап.
Сөйтсе, кәріс басшы «Жоға-а, біздің елде қауіпсіздік мәселесі мұншама қатал емес, біз сіздің елдің еңбек қауіпсіздігінің нұсқаулығы бойынша жасадық, заңның аты — заң, жұмысшыларымыздан сол нұсқаулықты орындауды қатаң талап етеміз» депті. Бұл сөзді есіткенде Есімов тіпті «есінен танып қала жаздапты»…
Ұлытауда қайтыс болған 7 кенші жұмыс істеген шахта «Қазақмыс корпорациясына» тиесілі. «Қазақмыстың» қожайыны — Владимир Сергеевич Ким (үлесі 69,37% ) мен Эдуард Викторович Огай (үлесі 29,73%).
Бұлардың есім сойы айтып тұрғандай, ұлты кәріс болғанымен Оңтүстік Кореяда туып-өспеген — өзіміздің кәрістер ғой, «пәшти қазақ» боп кеткен…
Қайғылы оқиғадан біраз бұрын «Қазақмыс» 84 миллион долларға «Airbus ACJ TwoTwenty» ұшағын (бизнес-джет) сатып алды… Совет саналы мұндай бинесмендер еңбек қауіпсіздігін оныншы орынға ысырып қояды.
Бар ойы — баю. Владимир Кимнің байлығы – 3,6 млрд доллар, ал Эдуард Огайдың байлығы – 800 млн доллар).
Ораз ӘЛІМБЕКОВ, журналист.
Facebook жазбасы.
Фото көрнекілік үшін.