Бір сторисін миллиондарға бағалайтын блогерлер бажылдап жатыр

0
87

Блогерлер бажылдап жатыр. Бір пост миллион, сторис 800 мың деп к…ін (көп нүктенің орнына керек әріпті қойып алыңыздар. Сыпайылар “кеудесін” деп оқуға рұқсат) керетін ағайындар әбден састы.

Салық комитеті танымал әнші-актер, блогер, инфлюенсерлердің мойнына миллиондаған салық іліпті. Тізімнен талай танысты тауып алдым.

“Қазақтың тойы бітпесін” — деп қақылдайтын әншілер шетінен миллионер, миллиардер екен ғой. Бірақ бір тиын салық төлемеген.

Инста жұлдыздар бюджетке 53,3 миллиард теңге берешек көрінеді. Салық органдары 594 адамның кірісін тексеріп, декларациямен сәйкес келмейтін қаражатты анықтаған. Енді олар 30 жұмыс күні ішінде салық есебін реттеуі керек немесе түсініктеме беру тиіс.

Бұдан былай бәріміз салықшылардың жіті бақылауында боламыз. «Бұл менің жеке картам, маған кім ақша жіберсе де өзім білем» деген аргумент енді қабылданбайды. Салық органдары кез келген тұрақты аударымды кіріс ретінде көріп, тексереді.

Кәсіпкерлер, фрилансерлер, жалдамалы жұмысшылар – барлығы табысына сай салық төлейді. Блогерлер де бұл тізімде бар. Егер сіздің контентіңіз ақша әкелсе, ол табыс болып саналады.

Енді заңнан қашып құтыла алмаймыз. Қазақстанда қаржы ағымдары толық бақыланады. Бүгін блогерлер, ертең дүкеншілер, таксистер деген сияқты.

Ақша қозғалысын жасыру барған сайын қиын бола түседі. Сондықтан цифровизация дәуірінен енді көлеңкелі экономикаға қайта көшуіміз мүмкін. Яғни, қалтамызда қағаз ақша қайта пайда бола бастайды.

Ал, заңды жұмыс істегіңіз келсе салық төлеу керек. Жылдар бойы жиналып қалған қарызды өтегеннен, ай сайын төлеп тастаған тиімді.

Қалтаңызға салмақ салмайды, білінбейді. Сондықтан ресми табыс бар болса – оны мойындап, тиісті салықты төлеу керек деп ойлаймын. Дұрыс па блогер жолдастар?

Диас НҰРАҚЫН, журналист.

Facebook жазбасы.

Фото көрнекілік үшін.