Балабақшадағы сұмдықтар: Тәрбиеші баланы бір ұрып, жалп еткізді

0
424

Журналист Мөлдір Бақыт әлеуметтік желідегі парақшасында балабақшадағы өзі көрген жағдай туралы жазып, «лажы болса, балаңызды балабақшаға бермеңіз» деп жазды деп хабарлайды Democrat.kz.

Журналист баласын «пробный» күн үшін балабақшаға апарып, адам шошитын жағдайға куә болған.

«Бүгін баламды алып “пробный” ретінде жарты күнге ақша төлеп, бір бақшаға бардық. Ол жердің ерекшелігі адаптация жеңіл өту үшін бала бастапқы(3-4 күн) кезде анасымен бірге келе алады.

Осынысы ұнады. Әмбе онлайн бақылау камерасы бар. Бағасы 250 мың+ 1 айға депозит.

Бақшадағы жағдайды көріп шошыдым деп айту аз. 1,5-3 жасқа дейінгі бүлдіршіндер. Мұрындарынан су ағып отырады.

Ешкім сүртіп әуре болмайды. Тыныш отырса, жақындап мазаламайды. Артық қимылдаса, ескерту де ескерту. Отырса опақ, тұрса сопақ. “Тотальный запрет”. Айтақшы, ол Монтессори бақшасы.

Тәрбие деген осы ма дедім. Маған мұндай тәрбие керек емес. Бала асыр салып ойнап өсу керек. Ақылы кірмей жатып, тоқпақтай берсе қияли қылады ғой.

Топта үлкендеу 3 жастағы бала болды. Оны тәрбиеші бір ұрып, жерге жалп еткізді. Серуендеуге шығар алдында киінетін жерде болған оқиға.

Іште ол байғұс балаға тағы да зекіп, ол қасарысып қалған. Жерге жатып алып, “мама, папа” деп қатты жылады. Өзі аяғын сылтып басады. Әлгі балаға 2 тәрбиеші де ала көздеп бітті.

Осының барлығын көрген мен сағат 11-де баламды алып, кетіп қалдым. Негізі сағ. 1-ге дейін еді уақыты. Үнсіз кеттім. Үйге келген соң, уотсаптарына жаздым. “Әлгі баланың әке-шешесін тауып алып айтам” деп қорқытып қойдым.

Ата-ананың көзінше істегендері анау болса, мен жоқта бұлар не істемейді.

Осыны көріп, баланы 4-5 жасқа дейін мүлдем бақшаға бермеймін деп шештім. Бақша деген сөзді естісем төбе шашым тік тұрардай болып отырмын.

Айтпақшы, топтағы 1,8 айлық ең кішкентай қызды басқалар ұрып-соғып, қолындағысын тартып алып, қайта-қайта “баж” еткізеді. Ол да қорлық қой.

Мен үшін бүгін бір сұмдық әлемнің беті ашылды. Баланы бақшаға бермеңіздер лажы болса» деп жазды журналист Мөлдір Бақыт.

Журналистің бұл жазбасына қатысты жұрт та өздері куә болған балабақшадағы сорақы, сұмдық жайттар туралы пікір жазуда.

Фото көрнекілік үшін.