Оқу ағарту министрлігі мектептерді емес, медреселерді жарылқап отырған қалай?

Танымал журналист Ораз Әлімбеков бюджеттен қаржы беріліп отырған еліміздегі медреселерге қатысты зерттеу жазбаларын жариялап бастады деп жазады Democrat.kz.
Журналистің жазбалары әр өңірдегі діни оқу орындарына бөлінген бюджет қаржысы туралы зерттеу материал болатындықтан, сериялы түрде назарларыңызға ұсынамыз.
Бұл жолғы жазбасында Ораз Әлімбеков Ақтөбедегі медресеге жергілікті бюджеттен қанша қаржы бөлінгені туралы жазбасын хат түрінде жариялады.
Ақтөбелік қоғам белсендісі Малик Орақовқа арнаған бұл хатында журналист:
«Құрметті Малик, өмірге бей-жай қарай бастаған біздің жасымыздағы жігітке көнекөз данышпан ақсақал «Мастығың болмаса, жастығың жоқ, желпілдеп жүрдің-күлдің, енді ел үшін қызмет ет» деп ұялтушы еді.
Осылай сындап жігерлендіріп қоюшы еді. Мотор шұқылап оңдағаның дұрыс шаруа ғой. Президент Тоқаевтың жарлығында айтылғандай, сенің де кәсібің қарапайым жұмысшы мамандығы санатына жатады.
Экономиканың қозғаушы тетігінің бірі саналатын моторист бүгін де керек, ертең де керек,.. Бірақ үкімет келешекті қамдап жатпаған сияқты.
Алматының сен секілді қарапайым тұрғыны, қоғам белсендісі Әсел Таухан «Нұр-Мүбарак» ислам университетіне миллиардтап бюджет қаржысын бөліп отырған ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігін сотқа берді.
Оның талабы – заңсыз жұмсалған қаржыны бюджет қоржынына түгел қайтару. Бұл қаржыға үкімет молда емес, жұмысшы мамандарды дайындасын…
Малик, сен «Ақтөбе облыстық білім басқармасын» сотқа бер. Оқу-ағарту министрлігіне қарайтын аймақтық басқарма «Ақтөбе колледж медресесі» деп аталатын мүфтияттың діни оқу ордасын қаржыландарып отыр (медресені бюджеттен қаржыландырудың дәлелді құжаты төменде).
Бұл заңсыздық аздай, айдаладағы «Ақтөбе облыстық білім басқармасы» мыңдаған шақырым алыста орналасқан «Нұр-Мүбарак» діни универсиететіне жыл сайын миллиондаған қаржы бөлген сорақы фактіні бүгін таптым – 2025 жылға 23 млн 651 мың 712 теңгеге мемлекеттік тапсырыс беріпті, 2024 жылы – 26 млн 342 мың 748 теңге,.. Бұл – факт. «Алланың бір есімі – Ақиқат». «Шындықтан ешкім қашып құтылай алмайды!».
Осы мұғалімдер «мектеп тар, екі-үш ауысымда оқытамыз, еңбек жүктемеміз ауыр – бір сыныпта 35-40 бала, кәйтіп сапалы білім береміз, жалақымыз мардымсыз» деп жылайды.
Ақтөбеліктер де жетісіп жүрмегені белгілі. Олай болса, «Ақтөбе облыстық білім басқармасы» ақтөбелік мұғалімдерді жарытпай жатып, неге мүфтиятқа молда дайындайтын «Нұр-Мүбарак» ислам университеті мен «Ақтөбе колледж медресесіне» миллондап білім грантын береді?!
Дін мемлекеттен бөлек екенін, Қазақстан құқықтық-зайырлы ел екенін, заңның алдында нәсіліне, дініне қарамай бәрі тең екенін үкімет ұмытты ма?!..
Қысқасы, Малик дос, сен «Ақтөбе облыстық білім басқармасын» сотқа беріп, ислами оқу орындарына заңсыз бөлінген бюджеттің қаржысын түгел кері қайтарт. «Қайтқан малда қайыр бар» деген ғой атам қазақ. Сені ақтөбелік мұғалімдер, қоғам жанашырлары, тіпті заңның орындалуын қадағалайтын прокуратура қолдайды деп сенем» деп жазды.
Фото интернеттен.