Апат бола қалса, Павлодарды имам-молдалар құтқара ма?

0
379

Журналист Ораз Әлімбеков медреселерге бөлінген бюджет қаржысына қатысты келесі зерттеуінде Павлодар облысындағы осы мәселені сөз етті деп жазады Democrat.kz.

Павлодарда техногендік апаттың алдын алу үшін қанша молда керек деген жазбасында журналист индустриалды аймақ саналатын Павлодарда тиісті маман санын көбейтудің орнына, жергілікті билік бюджет ақшасын имам-молда санын көбейтуге бағытталған медреселерге бөліп отырғанын айтады.

Бұл жолғы жазбасын киелі Кереку өңірінің белсенді азаматы, журналист Оңғар Қабденге арнап жазған Ораз Әлімбеков «қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда» сарынында жеткізді.

«Индустриалды Павлодар облысында техногендік апат болып, халық әбігерге түссе, жанұшырып жетіп барасың. Туып-өскен жерің сен үшін ыстық, әрине. Өңірдің проблемасы сені де мазалайтынын түсінем, Оңғар.

Төтенше жағдайлар министрлігі болсын, басқа мемлекеттік органдар болсын, апаттың себебімен емес, оның салдарымен күреседі. Әрине, апатқа басты себеп – өңірдегі стратегиялық нысандардың олигархтардың қолына өтіп кетуі.

Тек пайданы көздейтін олар нысандардың инфрақұрылымына, мамандарды оқытуға қаржы салғысы келмейді. Қысқартып айтсам, көп проблема техникалық мамандардың жетіспеуінен, олардың біліктілігінің нашарлығынан туындайтын сияқты.

Осындай жағдайда кәсіптік орта білім беру колледждерінде техникалық мамандардар дайындаудың орнына, Павлодар облыстық Білім басқармасы ҚМДБ-ның «Әбу Бәкір Сыддық» медресесіне жыл сайын миллиондап білім грантын бөліп келеді.

Оқу-ағарту министрлігіндегілер мен мүфтияттағылар «Исламтануды», «Теологияны», «Хадистануды» кәсіптік техникалық мамандық классификаторына қосып алыпты.

Құран мен араб фольклорын оқыған адамды қайтіп қана техникалық маман деп айтамыз?! Білім деңгейі молдалыққа ғана жарайтын мұндай маманның индустриалды өлкеге не қажеті бар?!.

Сонымен қатар, орта және кәсіптік орта білімге ғана жауапты Павлодар облыстық білім басқармасы қызмет ету аясынан асып, Алматыдағы «Нұр-Мүбәрак» ислам университетіне де білім гранты түрінде қаржы бөліп келеді. Мұның бәрі заңсыз.

Сондықтан, Оңғар бауырым, Павлодар облыстық Білім басқармасының ислам оқу орындарына бөлген қаржының көлемін анықтап, Басқарманы жергілікті сотқа беріп, мақсатсыз жұмсалған қаржыны бюджетке қайтартуды өтінем.

Іске сәт, Оңғар бауырым.

Әзірге «Әбу Бәкір Саддық» медресесіне аударылған 32 871 000 теңгені таптым (жоғарыда суретте).  Павлодар облыстық Білім басқармасы 2024 жылдың 19 желтоқсанында «Нұр-Мүбаракқа» 1 млн 863 мың 116 теңге аударыпты. Бұл не?! Жаңа жылдық құттықтау ма?!» деп жазды журналист Ораз Әлімбеков.

Фото интернеттен.