Түркістан облысы: Медреселерге бюджеттен миллиондап ақша бөлінуде

0
205

Түркістанның білім басқармасы жыл сайын Сарыағаш медресесіне 200 млн теңгеден астам қаржы бөледі. Бұл медресе Сатыбалды Әбішұлы атында, медресені ағайынды Смановтар басқарады.

Орта білім беру грантының мемлекеттік тапсырысына қарасақ, Түркістан облыстық Білім басқармасы мүфтияттың жекеменшік «Сарыағаш медресесіне» 2018 жылдан бері жыл сайын орта есеппен 200 млн теңгеден астам бюджет қаржысын шығындап отыр: 2024 жылы — 280 млн 032 мың теңге, 2023 жылы – 221 млн 469 мың теңге….

Білім басқармасы өкшелеп жау қуғандай 2025 жылдың 8 қаңтары күні 290 млн 885 мың теңгені асығыс-үсігіс медресеге «атып жіберіпті» (құжатты қараңыз). Жыл соңына дейін молдаларға қарай тағы да миллондарды «лақтыруы» мүмкін… Осы заңсыздықтың жолын кесу қажет.

Құрметті Амангельды Батырбеков! Сізді үнемі әділдік іздеп жүретін қарымды журналист, қоғамның жанашыры деп білеміз.

Талай әділетсіз сотты көрдіңіз, өпірім қоқан-лоқы мен бандиттердің шабуылына қас батырдай төтеп бердіңіз. Өміріңізге қауіп төнсе де әділдік жолындағы күресті жалғастырып келесіз…

Құрметті Амангелді, Зайырлы мемлекеттің бюджет қаржысын діни ұйымға заңсыз бөлу фактісі бойынша Түркістан облыстық Білім басқармасын сотқа беріңіз.

Басқарма «Сарыағаш медересіне» ғана емес, өзінің әрекет ету шеңберінен шығып, «Шымкент медресесіне» және «Нұр-Мүбарак» ислам университетіне миллиондаған бюджет қаржысын шығындаған.

Мысалы, Түркістан Білім басқармасы 2024 жылы «Нұр-Мүбаракқа» 393 млн 333 мың аударыпты, ал 2023 жылы 995 млн 425 мың теңге жіберген. Сіз осы қаржыны түгел бюджетке кері қайтартуға күш салып, қайрат көрсетеді деп сенеміз.

Түркістан Білім басқармасы 2024 жылы «Нұр-Мүбаракқа» 308 млн 800 мың + 84 млн 533 мың аударыпты, ал 2023 жылы 995 млн 425 мың теңге жіберген.

Түркістандықтар, молдаларға миллардтап ақша беретіндей сендердің балаларың түгел зайырлы универлерде грантпен оқып қағанақтарың қарқ, сағанақтарың сарқ болып жатыр ма?

Түркістан халқына бөлінген бюджетті неге өз проблемаларыңды шешуге жұмсамайсыңдар?!

Ораз ӘЛІМБЕКОВ, журналист.

Facebook жазбасы.

Фото интернеттен.