Стоматологияға барып, тістерінен айырылып қалған

0
55

Павлодар тұрғыны тіс дәрігеріне барған соң тісінен айырылғанын айтады. Алайда емханамен келісімшарт жасамағандықтан, кінәлілерді жазалау мүмкін емес. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Татьяна Зубенко 8 жыл бұрын тіс көпірі деп аталатын протезді жөндеу үшін тіс дәрігеріне барған. Содан кейін оның беті қисайып кеткен. Ал дәрігерлер жағдайды түзетуге уәде берді. Алайда ем бес жылға созылды, әр процедура сайын жағдайы нашарлай берді дейді. Нәтижесінде ол сау тістерінің барлығынан дерлік айырылды.

“Мен емханаға кішігірім мәселемен барып едім. Үш тіс протездеп, ал төртіншісін жұлып тастасын дедім. Енді барлық төменгі тісімді алып тастауым керек. Сонымен қатар дертім асқынып,  таңдайда фиброма, жарақат пайда болды. Онкологтар жарақатты гистологияға жіберді, олар оны күйдіріп, алып тастады. Проблемалар көп”, – деді Павлодар қаласының тұрғыны Татьяна Зубенко.

Татьяна полицияға дәрігерлердің салғырттығына қатысты шағым түсірген. Бірақ дәлел ретінде көрсететін ештеңе болмады. Емхана ешқандай келісімшарт пен түбіртектерді бермеді. Тек хат-хабарлар мен фотолар қалды. Бірақ бұл жеткіліксіз болып шықты. Іс жабылды.

Полиция бөлімшесі келісімшарттар мен келісімдерсіз дәрігерлердің кінәсін дәлелдей алмайтынын, өйткені денсаулыққа зиян келтірген араласуларды қашан және кім жасағаны белгісіз екенін түсіндірді.

“2018 жылдан бастап және 2022 жылдың сәуіріне дейін медицина құжаттарының болмауына байланысты сот-медициналық сараптамаға денсаулыққа келтірілген зиянның ауырлығын анықтау мүмкін болмады. 2024 жылғы 20 қарашада сотқа дейінгі тергеп-тексеру қорытындысы бойынша қылмыстық іс қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылды”, – деп мәлімдеді Павлодар облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Сафуан Жампейісов.

Татьяна емханада есептердің болғанын айтады, себебі әр процедураның соңында журналға жазып алады дейді. Бірақ олар да жоғалды, өйткені дәрігерлер бес жылда бірнеше рет ауысты. Адвокаттар егер жазбалар толығымен жойылмаса, тергеуде дәлел ретінде пайдалануға болатынын айтады. Сондай-ақ куәгерлерді шақырып, күйік пен ісік туралы медициналық дәлелдемелер бере аласыз дейді.

“Мұнда дереу медициналық ұйымға бару маңызды, сонда олар келтірілген залалды анықтай алады. Журналдарды әркім өз телефонына түсіріп алатыны да жасырын емес”, – деді заң кеңесшісі Дмитрий Куклин.

Сарапшылар жеке дәрігерлерден қызмет алу кезінде келісімшарттар мен түбіртектерді талап етуді ұсынады.

Фото көрнекілік үшін.