Зеленский мен Трамп: «Күштінің артын диірмен тартады»

0
47

Қазақ “күштінің арты диірмен тартады” дейді. Егер “Облачный атлас” деген тарихтағы ең қымбат авторлық фильмді көрсеңіз, “Сильный пожирает слабого” деген цитата жиі айтылады.

Қазір Украина сондай хәлде. Екі күшті державаның ортасында қалды. Трамп көмекті одан әрі алғың келсе, табиғи байлығыңнан түскен табысты АҚШ үкіметі басқаратын қорға аударасың деп шарт қойып отыр.

Өтем ақысы 100 млрд па, 500 млрд па, 1 трлн доллар ма, белгісіз. Зеленский қанша бас тартса да, осы не келесі апта келісімге қол қояды дейді. Трамп мақсатына жету үшін қысым жасап, сынап, үркітіп, бәрін істеп жатыр.

Дегенмен бұл шарт әлі де 2 сұрақтың жауабын бермей тұр. 1) Ресей жаулап алған территорияны қайтара ма? 2) Келешекте Ресей қайта шабуыл жасаса, Украина қауіпсіздігіне, оны АҚШ не басқаның қорғауына кепілдік бар ма?

Яғни, сырттай қарасақ, бәрі бизнес-келісім. 1945ж сияқты кінәліні жауапқа тарту, Гаага соты, әділдіктің орнауы сынды сценарий 2025ж қайталанбайтыны анық болды. Халықаралық құқық деген ұғымды қоқыс жәшігіне лақтырып жатыр.

Енді бәрін контракт, IT, техно олигархтардың ықпалы, ірі армия иелерінің айтқаны шешеді. Трамп 1945ж кейін әлемде жылдар бойы қалыптасқан құқық жүйесін, игі құндылық жүйесінің астан-кестенін шығарды. Жұрт оның сөзі, мәлімдемесімен келіспейді, бірақ ол сияқты қауақары (капитал, армия, ықпал) жоқ. Содан әлем көнуге мәжбүр.

Осы амалсыз көнудің салдарынан англо-саксон әлемі не Батыс әлемі насихаттайтын сөз бостандығы, әділдік, азаматтық қоғам, еркіндік дейтін құндылықтардың құны жоғала бастауы мүмкін. Бұл қауіпті. Себебі ол құндылық оларға емес, алдымен дамушы елдердің өзіне керек.

Жалпы, қалыптасқан осы жағдай қауіпті. Себебі енді ешбір Гаага, сын-мін, айыптан сескенбей, қуатты армия иелері әлсіз көршілеріне басқыншылық жасай беруі әбден мүмкін. Соңында Трамп стилінде бизнес-келісімге келе салады. Әйтпесе, Гаага былтыр қарашада Израиль премьері мен қорғаныс министрін ұстауға ордер берген. Олардың ұсталғанын көрмедік.

Қысқасы, алдыңғы постымда жазғандай, енді әр мемлекет үшін қуатты экономика мен қуатты армия ғана қауіпсіздік кепілі болуы мүмкін.

Нұрмұхамед БАЙҒАРАЕВ, саясаттанушы.

Facebook жазбасы.

Фото көрнекілік үшін.