ҚҚС мөлшерін өзгерту — ел экономикасын тұрақты ұстап, әлеуметтік жағдайдың өсуіне ықпал етеді

Кеше Мәжілісте Салық кодексінің жобасына қатысты Үкіметтің жаңа бастамаларын талқылау тақырыбында арнайы дөңгелек үстел өтті. Жиында негізгі тақырып қосымша құн салығының (ҚҚС) мөлшерлемесі болды деп жазады Democrat.kz.
Салық кодексіне енгізілетін бұл жаңалық ел экономикасы мен әлеуметтік қоғамға қандай өзгерістер әкеледі? Осы сұраққа қатысты бірқатар сарапшының пікірін назарларыңызға ұсынамыз.
Экс-министр, экономист Жақсыбек Құлекеев: «16%-ға келістік — бұл жаман емес. Әрине мұны қабылдау керек, бұл менің пікірім, үйтпесек, жағдайды түземейміз. Елде салықты төлеуден жалтаруға жағдай жасасақ, оны бәрі пайдаланады — бүгінде ірі компаниялардың айналасында мыңдаған жеке кәсіпкер бар.
Алдағы 10 жылда бізде мұнайдан түсетін табыс әлі де болуы мүмкін, бірақ 10 жылдан кейін қалай болары үлкен сұрақ. Бұл табыс таусылғанда 10 жылдан кейін ел не болмақ? Біз құлдыраймыз. Бүгінде біз соған біртабан жақындап келеміз. Өте өкінішті», — дейді.
Мұнан бөлек, ол салық деңгейі қазіргідей деңгейде қалса, ел экономикасы құлдырау мүмкіндігі жоғары бола түсетінін айтып:
«Оған қоса, біз бюджеттік тәртіпті, әсіресе былтыр өте төмен түсіріп жібердік, ресми мәліметтерге қараңызшы, біз қанша салық жинадық – өткен жылдармен салыстырғанда 5 есе аз жинадық. Жарайды, объективті және субъективті себептер бар, бірақ биылғы жылы осылай жұмыс істей берсек, алдағы бірнеше жылда елді толығымен құлдыратып жібереміз. Өйткені, біз тым беріліп кеттік — бизнесмендердің қалтасына қол сұғып, жай ғана заңды-заңсыз жолмен олардың ақшасын аламыз. Бірақ олар да бұған шыдай алмайды. Оған ешкім шыдай алмайды. (…) Бір сөзбен айтқанда, мен ҚҚС-ны көтеруді қолдаймын» — деді.
ҚР Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары Азамат Әмрин қосылған құн салығын өз еркімен төлейтіндерге кедергі жасалмайтынын айтады.
«Қосылған құн салығының мөлшері 16 пайыз болады. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретіндер салықтың аталған түрінен толықтай босатылады. Дегенмен қосылған құн салығын өз еркімен төлейтіндерге кедергі жасамаймыз, өз еркі. Сондай-ақ кейбір салаларға жеңілдік жасап отырмыз» деді Азамат Әмрин.
Өз кезегінде ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин салық реформасы шеңберінде ҚҚС сараланған мөлшерлемелерін белгілеу жөніндегі Үкіметтің ұсыныстарын айтты.
«Біз мынадай тетікті қарастыруды ұсынамыз: жалпы белгіленген ҚҚС мөлшерлемесі 16%, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді ҚҚС-тан толық босату, ал бірқатар салалар үшін – 10% мөлшеріндегі аралық мөлшерлеме. Осылайша, Үкімет ұсынып отырған мөлшерлемелерді саралау: 16%, 10%, 0% және босату», — деп түсіндірді Азамат Әмрин.
Депутат Дания Еспаева Үкіметтің Мемлекет басшысына салық-бюджет жүйесіне қатысты бірқатар іс-шаралар кешенін ұсынғанын айтып:
«Бір жағынан артық салық қысымына жол бермей, кәсіпкерлік қызмет үшін қолайлы жағдай жасауды, екінші жағынан салық жүйесінің ашық болуы және бюджет кірісін арттыруды қамтамасыз ету керек. Қоғамдық талқылау аясында 20 ақпанда Үкімет Мәжіліске Салық кодексінің жобасы бойынша жаңа бастамаларын енгізді. Қазірдің өзінде депутаттық корпус ұсыныстарды зерделеп, ықтимал салдарын талдап, негізгі мәселелерге әртүрлі көзқарастарды қарастыруда», – деді.
Ал экономист Алмас Чукин салық реформасын кешіктіруге болмайтынын мәлімдеді.
— Жаңа кодексте ұсынылғандарға келсек, мен оны қолдаймын. Теңестіру керек дегенді баяғыдан айтып жүрмін. Өйткені 5 жылдан кейін бүкіл болжамдар бойынша күйреуге жетеміз. Әлеуметтік-қаржылық схемада толықтай тоқырау болады. Сондықтан қазірден бастап түзету керек. Тіпті қазір көріп отырған салық түсімін есептегеннің өзінде шығыс пен кірістің теңгерімін 10 трлн теңгеге дейін ажыратуға болмайды, — деді ол.
Оның айтуынша, ұсынылып отырған жаңа кодексті әлі жетілдірмесе, реформа бюджет тапшылығы мәселесін шеше алмауы да мүмкін.
— Салықтан 3-4 трлн теңге ғана жинауды көздеп отыр. Мемлекеттік борыштың өсімі жалғасатын түрі бар. Бюджет тапшылығы да сақталады. Яғни, 10 трлн тапшылықтың 5-6 трлн теңгесі жабылмай қалайын деп тұр. Сонда қарыздарды жабу да жоспарда жоқ. Әзірге жалпы ішкі өнімді екі есе арттыру қолымыздан соншалық бір келіп жатқан жоқ. Ал қарыздарды үш жылдың ішінде екі есе арттыру қолымыздан келген. Әр үш жыл сайын мемлекет борышының көлемі 2 есе өсіп келеді, — деді сарапшы.
Еске салсақ, 20 ақпанда Мәжіліске Салық кодексінің түзетілген жобасы енгізілген еді. Бүгін сол құжатты пысықтайтын Мәжілістің жұмыс тобы іске кірісті.
Кодекстің жаңа редакциясындағы негізгі түзетулер мыналар:
➤ Қосылған құн салығы бойынша міндетті тіркеу шегін төмендету – 20 000 АЕК (78,6 млн теңге) 3 800 АЕК (15 млн теңге) дейін;
➤ Қосылған құн салығының мөлшерлемесін арттыру – 12%-дан 16%-ға дейін, бұған қоса бірқатар салалар үшін төмендетілген мөлшерлеме 10% белгіленеді;
➤ Жеңілдетілген декларация бойынша арнайы салық режимін қолдануды шектеу – тек B2C сегментіне (бизнес түпкілікті тұтынушылар үшін) қолжетімді болады.