ББ басшысы Сафура Төлековаға қатысты іс: Заңды белден басу, суицид, жала жабу, әділетсіз тергеуші

Бір жылдан аса тергеу жүргізілген Ұлытау облысының білім басқармасының басшысы Сафура Төлекованың ісіне қатысты адвокаты Ләззат Ахатова жазба жариялады деп жазады Democrat.kz.
Тергеу құпиясын сақтауға байланысты тиісті орган өзінен қолхат алғанын алға тартқан адвокат Сафура Төлекованың кінәсіздігін дәлелдейтін материалдарды толық жариялай алмайтынын айтады.
«Осы уақытқа дейін қорғау тарапының талабымен іс бойынша бірнеше сараптамалар тағайындалды. Сараптама қорытындыларының өзі біраз сұрақ туындатады.
Тергеудегі былықтар мен заңсыздықтарды тізсек, желі бетіне сыймас та еді. Сафура Төлекованы білім саласында танымайтын, оның алғырлығы, біліктілігі мен мамандығына да, адамдығына да адалдығын, тазалығын білмейтін жан кемде-кем шығар.
Сол себепті де қалың елі, әріптестері қайсар да, сауатты қазақ қызының тағдырына алаңдаулы. Не боп жатыр деп сұрап жатады, жылы лебіздерін, ақ тілеулерін жеткізіп жатады.
Көңілдері алаң, ақ тілеулі ағайынға қысқаша, қарапайым тілде істің жай-жапсарын айтсақ деп отырмыз.
Бұл іс неден бастау алды?
2023 жылы Жетісу облысында білім саласында істейтін қызметкерлерге қатысты резонансты іс болғанын білетін шығарсыздар.
Сол кезде Ұлытау облысында білім басқармасын басқаратын Сафура Сейдуалиқызы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес (антикор) Департаментіне өзі хат жазып, басқарманың және облыстың барлық білім беру ұйымдарын қаржылық жағын тексеруді сұранады. Адалдық емей, немене?
Сол хаттың негізінде антикор мен білім басқармасының бірлескен бұйрығымен тексеріс жүргізіледі.
Мемлекеттік аудит департаменті тексеру жүргізіп, есепші тарапынан кеткен біршама қателіктерді (мыс.үш ай сынақ мерзімі аяқталмағандарға шатасып сыйақы жіберу, жалақы есептеуде қателіктер) анықтайды.
Жаңадан ашылған облыста білікті мамандар жетіспей жатқанда, қай жерде де кемшіліксіз, қателіксіз жұмыс болмайтыны белгілі.
Тексеру барысында анықталған кемшіліктер аудитор берген нұсқамаға сәйкес дер кезінде жойылады. Аудитор көрсеткендей, бухгалтерлік қателіктерге сәйкес артық төленген қаражат мемлекетке қайтарылады, бухгалтерге тәртіптік шара қолданылады. Ол жөнінде аудитор өз анықтамасында да көрсетеді.
Бастапқыда Сафура Төлекова куәгер ретінде шақырылған
Жұмыс жағдайындағы әдетте кездесетін кемшіліктер қалпына келтірілген соң, әркім өз шаруасымен айналысып жүргенде, аяқ астынан 2024 жылдың басында ресми құжат таныстырылмай, басқарманың бухгалтерлерін антикор шақырып, тергей бастайды.
2024 жылдың 29 ақпанында басқарма басшысы Сафура Төлекованы іс бойынша куә ретінде бірінші рет тергеуге шақырады.
Аудитор қорытындысы туралы, таза жұмыс істеу үшін қаржылық тексеруді өзі сұранғанын тергеуде айтады. Сафура ханымды шақырғанда да істің тіркелуіне қатысты процестік құжаттар таныстырылмайды.
Кейін білгеніміздей, бұл іс 2023 жылдың желтоқсанында тіркелген екен, ал ресми құжаттар Сафура ханымға үйқамаққа алғаннан кейін 2024 жылдың маусым айында ғана берілген.
«Орынбасарыңыз бен бухгалтеріңіз біраз былық жасаған, сіз білмейтін мәселелер бар» дегеннен кейін, Сафура ханым да алаңдамай, керісінше осы тергеу арқылы қаржылық-экономикалық қызметтегі тергеуші айтқан «былықтарды» анықтап алуды ойлайды.
Тергеуші ауысқан сәтте басталған заңсыздықтар
2024 жылдың сәуір айында істі жүргізіп жатқан тергеуші де ауысады. Ұлытауға Жетісудың білім саласындағы атышулы істі жүргізген Жетпісбаев деген тергеуші қызмет орнын ауыстырып келген екен.
Сол уақытқа дейін ретімен жүргізіліп жатқан іске Жетпісбаев араласқаннан бастап, заң мен адам құқығын белден басудың ең сұмдық көріністері орын алады.
16 мамыр күні сағат 10.00-ге шақырылған Сафура ханым антикор ғимаратынан үйіне түнгі 24.00-ден асқанда бір-ақ оралады.
Ал жауап алуды Жетпісбаев тек 16.45-те бастайды. Күндізгі 10.00-ден 16.45-ке дейін тергеуші тарапынан басқарма басшысына түрлі моральдық-психологиялық қысым жасалған.
Сағ.10 00-де іс бойынша қорғалуға құқығы бар куә ретінде шақырылған, ойында ештеңе жоқ, Сафура Төлекова антикор ғимаратынан түнгі 24.00-де күдікті боп шығады.
Тергеу сағат 16.45-те ғана басталады. Алғашында Жетпісбаев Сафура ханымға облыс әкіміне, не оның орынбасарларына қарсы «показания» берсе, білім саласына, мектептерге, балабақшаларға мүлде тиіспейтінін айтқан.
Куә ретінде жауап беруге келдім деп ойлаған басқарма басшысы мынадай “ұсынысқа” шок болып, “Әкімнің, оның орынбасарларының не қатысы бар, бізге? Олар маған не тапсырма беруі мүмкін? Маған ешкім заңсыз әрекет жасауға тапсырма берген жоқ.
Мен де ешкімге заңсыз әрекет жасауға тапсырма берген жоқпын. Ал, мектеп немесе балабақшаларда қандай да бір заңсыздық болып жатса, олардың директорлары өздері жауап береді.
Ол үшін мен нақақтан ешкімге жала жаба алмаймын” -деген сарында жауап айтқан соң, тергеу тобының басшысы қоқан-лоққыға көшеді. ”Конвой дайын тұр, қазір қолыңызға кісен салып, қамауға аламыз”- дейді.
Сафура Төлековаға жасалған қысымдар
Сағат 10-нан кешкі 16.30-ға дейін осы бағытта жұмыс жүргізіледі. Қорқыту, алдау-арбау, т.с.с әрекеттер арқылы моральдық қысым жасалады.
“Нақақтан ешкімге ойдан құрап, жала жаба алмаймын” — деген жауабынан қайтпайтынына көзі жеткесін, кешке қарай, тергеу амалын бастайды. Сол кезде іс бойынша куә емес, күдікті статусына өткенін хабарлайды.
16 мамыр күнгі жазбаша хаттама мен видео допроста алшақтық жер мен көктей. Оны іс материалдарымен танысу барысында анықтадық.
Сафура ханымның видеода айтып отырғанын Жетпісбаев мырза таза фальсификация жасап, хаттамаға өзіне қажет жауапты жазып, “мойындатып” қойған. 6 жарым сағаттық психологиялық қысым да мойындату әдісінің бір түрі болса керек.
Жауап алудың видео нұсқасы мен хаттамадағы жазылған мәтіндердің мағынасының мүлдем сәйкес келмейтіні туралы филолог-ғалымның қорытындысы да бар.
«Тергеуші осынша заңсыздық жасап жатқанда қорғаушы қайда болған?» деген де сұрақ туындап отырған шығар, әрқайсыңызда. Алдағы күндері ол сұрақтарыңызға да жауап беремін.
7 сұрақтың 5-не жауап беруге өкілеттігі жоқ
Видеода Сафура ханымның бет-жүзінен тергеу тарапының заңсыз әрекеттерінен шок алғанын, байқауға болады. Сонымен қатар, қолындағы бір қағаздан көзін алмай, судыратып автоматты түрде оқып беріп отыр.
Кейін анықталғандай, айтатын жауаптарын тергеу қызметкерлері алдын-ала дайындап, қағазға шығарып, қолына ұстатқан. Сараптаманың қорытындысын берген.
Осы жерде айта кететін бір жайт, сараптама жүргізген сарапшының тергеу тарапынан қойылған 7 сұрақтың 5-не жауап беруге өкілеттігі жоқ болып шықты.
Яғни тиісті лицензиясы жоқ сарапшының қорытындысына сүйеніп, білдей бір облыстың білдей атынан ат үркетін мекемесі облыстық басқармалардың бірінің басшысының үстінен қылмыстық іс қозғай салған. Оп-оңай.
Қанша адамның тағдыры, абыройы таразыға түсіп тұр емес пе, бұл жерде? Сауатсыз мамандардың немқұрайды қарауының салдарынан қанша адам жазықсыз жаланың, қолдан ұйымдастырылған істердің құрбаны боп кеткенін ойласаң, түңіліп кетуге болады, бәрінен.
Бұл істегі ең ауыр жағдай — суицидтің орын алу
Тергеуден кейін Сафура ханымның қан қысымы қатты көтеріліп, ауырып қалған. Ол туралы дәрігерлік анықтама да бар.
Жетпісбаевтың сұмдық әрекеттері мұнымен шектелмейді. Мақсаты -қайткен күнде білім басқармасына қатысты істі тоқтатпай, кінәлі адам табу болғандықтан, ол мақсаты жолында ештеңеден тайынбағанын көруге болады.
Бұл істегі ең ауыр жағдай — Жетпісбаевтың қысымына шыдамай, білім басқармасы басшысының қаржылық жағын басқарған орынбасары — ОСПАНОВА ханымның ӨЗІНЕ ҚОЛ ЖҰМСАП, (!) жоғары қабаттан секіріп кетіп, қайтыс болуы..
Қайтыс болардан оншақты күн бұрын, ел Президентіне шағым жазған екен.
Сол арызында тергеушінің қысымы жайлы, әр допроста Төлековаға қарсы показания беруге мәжбүрлейтіні жайлы жазыпты.
Өзі инсульт алып, кардиологтың есебінде тіркелген екен. Амалсыздан, күйзелістен барған әрекеті шығар, марқұмның. Ол шағым жайлы қайтыс болғаннан кейін, жақында іс материалдарымен танысқанда бір-ақ білдік..» деп жазады адвокат Ләззат Ахатова.
Фото автордың парақшасынан алынды.