Қайрат Нұртастың тыңдармандарына алғыс айтты

Танымал продюсер Гүлзира Айдарбекова ұлы Қайрат Нұртастың тыңдармандарына алғыс айтты. Бұл туралы Democrat.kz хабарлайды.
Арт-менеджер ұлын қазіргі деңгейге қалай жеткізгенін айтып берді.
“Жан балам. Өзі от. Орал қаласындағы ән кешінен видео келді. Халықтың осыншалықты махаббатына бөлену – инемен құдық қазғандай. Қара тер еңбекпен келді. 8 жасынан бастап, қолынан ұстап ешкімді тыңдамай сүйрелеп едім. Әрбір қиындығы мен қызығында түгел басы қасында болдым. Сахна сыртындағы дайындығына туған анасы әрі продюсері, мән беріп қарайтын мен болдым. Ал көрермен әрі жанкүйер, тыңдаушылары, мінекей, бағалайтын, сағынатын, түсінетін жандар жоқ емес екен. Аллаға сансыз шүкірлер!» – деп жазды Гүлзира Айдарбекова.
Еске салайық, «Жылағанда дауысы әдемі әрі аянышты шықты» деген Гүлзира Айдарбекова ұлы Қайрат Нұртастың туған күнінде ерекше жазба жариялаған еді.
“Перзентханадағы бір келіншек маған қарап: “Сенің балаң жылағанда дауысы әдемі әрі аянышты шығады екен, жүрегіңді ауыртып елжіретіп жібергенде, мейірлене емізе салғың келіп кетеді екен” демесі бар ма?! Сол сөзі әлі күнге дейін есіме түседі. “Ауырмайды жүрек” әнін Қайрат айтқан кезінде, халық жүрегіміз елжіреп тыңдадық деп шулағанда іштей бір күліп алдым”, – деп жазған еді Гүлзира Үсенқызы.