Қазақта бесік апару дәстүрі болмаған ба?

0
859

Facebook әлеуметтік желісінде бесік апаруға байланысты қызу пікірталас жүріп жатыр. Айгүлжан Болатқызы атты желі қолданушы «қазақта нағашылардың бесік әкелу дәстүрі болмаған. Бүгінде жаңа туған нәрестеге бесікті нағашылары әкелетін әдет қалыптасып барады. Осы дұрыс па?» деп сауал тастап, өз пайымымен бөлісті деп жазады Democrat.kz ақпараттық порталы.

«Қазақта «Қыз жат жұрттық» дейді. Қазақ ешқашан жиеніне бесік әкелмеген. Әр отбасының, әр әулеттің өз бесігі болады.
Келіннің енесі баланың тыныш ұйқысы мен тазалығын ойлап, өз әулетінің көне бесігін қамдайды.

Әулеттің бесігі әбден тозған болса, оны өртеп, аяқ баспайтын жерге күлін көмеді. Бесікті кез келген жерге тастамайды. Өйткені бесік — киелі дүние. Ата-енесі немересіне жаңа бесік жасатады. Қазақта бесікті шеге пайдаланбай жасайды.

Қазіргі кезде қазақ халқының бұрыннан келе жатқан салтын бұрмалап жүргендер көп» деп жазады Айгүлжан Болатқызы. Осы жазбаға байланысты өз ойларымен бөліскендердің бір бөлігі бірінші жиенге нағашысы бесік апарған десе, екінші тарап бұл өзбек халқының дәстүрі деседі.

«Бесік туралы айтылып жатқан ойлар мен пікірлерді мен де қолдаймын! Әрбір ұрпақ өз қарашаңырағында, өз ата-бабасының дәстүрімен, өз әке-шешесінің тәлімімен, кісінің емес өзінің бесігінде тербетіліп өсуі керек!

Нағашылардың ретсіз жерге мұрын тығып, бесікті сылтау қылудан басталатын, бір әулеттің ішкі шаруасына араласуы, бір қарашаңырақтың келінін өле-өлгенше «қыз» қылып, күйеу баласын оның «сабырлылығын» пайдаланып, қызымен бірігіп «мұрындықтай» беруі дұрыс емес.

Осылай, екі жақ болып бой түзеген ұрпақ, өсе келе жер ортасына жеткенде барып түсініп, өз жұртына сіңісе алмай, нағашы жұртын өз жұртындай сезіне алмай құса болып, жетімсіреп өседі. Келіндер! Мұны ертерек түсінсеңдер, ұрпағың үшін, барған әулетің үшін, түптің-түбінде өзіңнің сол елдің бәйбішесі, құрметті анасы, кеудесі қазынаға толы әжесі болып қала алуың үшін баға жетпес сауапты іс тындырған болар едің!»,- деп жазады Шарафадин Алтынбай атты желі қолданушы.

Осыған ұқсас пікірді Ондасын Оразов та жазып: «Көшіп-қонып әр жақта жүрген рулар, бірін-бірі көрмейтін ел қалай жас босанған қызына бесік пен қалжа әкеледі. Кішкене өткен тұрмысымызға, өмір сүру жағдайымызға да қарап айту керек.
Ол заманда рулардың өз жері, өз территориясы болған.

Бір рулардың арасы мыңдаған шақырым жер болған. Қараңыз, қыстың суығында (жаз айы болса да келуі қиын ғой, жүздеген, мың шақырым жерден келу) қалай әкеледі және қызының босанғанын есітпейді де ғой.

Бесік әкелу мен қалжа әкелу кейін пайда болған, отырықшы болған соң. Қалжаны қазақ келіні екқабат кезінде мал бордақылап сақтаған. «Босанған соң соямыз» деп.
Әр отбасында өз бесігі болатын. Оған атасы, әкесі баласы да жатқан. Екінші келін босанып жатса, өзге туыстың бос тұрған бесігін пайдаланатын», — деген пікірін білдіріпті.

Бірінші жиені өмірге келгенде, нағашы жұрты бесік әкелу салты бар ма, жоқ па деген осы пікірталасқа орай біраз кісілер «мұндай дәстүр жоқ, болмаған» деген сыңайда ойларын ортаға салыпты. Ал шындығында солай ма? Қазақтың салт-дәстүрі мен, әдет-ғұрпын зерттеп, зерделеп, бүгінгі ұрпаққа насихаттап жүрген, бірнеше кітап авторы, даңқты батырымыз Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова бесік апару салты туралы былай дейді:

«… Бесік – киелі мүлік. Бесікпен сенің ұрпағың, әулетің өседі. Біздің қазақта бесік әкелу деген салт бар. Сәбилі болып жатқан қызының нәрестесіне бесік әкелу – қыз төркінінің, жас ананың анасының яғни нағашы әжесінің парызы. Қазірдің өзінде бесік әкеліп жатқан, тіпті болмағанда баланың арнайы төсегі (манеж), арбасы, үстелі дегендей, балаға қажет жабдықты әкеліп жатқан аналар баршылық.

Бұл – бір жағынан, құда-жекжат арасындағы үлкен сыйластық. «Бие құлындамаса, ат болады, ағайын-туыс алысып-беріспесе, жат болады» дегендей, бұл – екі жаққа дәнекер ғана. Әйтпесе ешкім алғаннан – бай, бергеннен – кедей болмайды. Бесік әкелу құда-құдағи арасындағы көңіл сыйлау болса, екіншіден, жас босанған келіннің көңілі көтеріліп, сағынышы басылады әрі енесіне айта алмағанын анасымен бөліседі, көңілі өседі.

Бесік әкелудің өзі керемет бір сән-салтанат десек те болады. Келіннің төркіні «іздеушісі, сұраушысы бар екен» дегізіп, бір топ болып келетін болған және де жай келмей, баланың бесік жабдығын түгелімен, түбек-шүмегіне дейін жасап әкелген. Бесіктің жабдықтарын барынша әдемілеп жасаған.

Түбегі мен шүмегінен басқа, қолтық жастық, тізе жастық дегені болады және олар ешқашан сүреңсіз сұр түсті маталардан тігілмеген. Кішкентай көрпешелері де мүмкіндігінше ашық түсті маталардан тігіледі. Бесіктің басына үкі тағады. Өйткені бала әсемдікке, әдемілікке бесікте жатқан кезден бастап үйренуі керек».

Зейнеп апаның сөзіне қарасақ, қыздың артынан бесік апарудың да өзіндік тәлім-тәрбиесі жатқанын көреміз. Ал жоғарыдағы «бесік апармайды» дегендердің пікіріне қарасақ, әр шаңырақ өз немересіне бесіктерін дайындауы да қисынға келеді.

Сіз қалай ойлайсыз, бесік апару салты бізде болған ба, болмаған ба?
Зүбайра ЛЕСБЕК,
Democrat.kz