«Пәк» қыздар тізімі Ж.Түймебаевтың түбіне жете ме?

0
285

Дауы өршіп тұрған «Пәктік тізіміндегі» студент қыздардың ата-аналары Қазақ ұлттық университетін жауапқа тартпақ. Адвокаттарға алғашқы сұрау түсті дейді, DALA INSIDE дереккөзі. Қазір әркімнен жеке шағым емес, біріккен арыз мәселесі шешілуде.

«Адвокаттар біріккен арыздың тиімді болатынын айтқан. Арызданушылар моральді компенсация көлемі туралы ортақ шешімге келуі тиіс. Одан кейін арыз сотқа жіберілетін болады»

Дәл осы кезде Жоғарғы білім министрлігі де ҚазҰУ ректорын ауыстыру мәселесін ойластыра бастады. 2019 жылдан бері ұлттық статусы бар университет ректорларын Президент емес, министрлік ашық конкурс арқылы сайлай алады. Сондықтан ректор Жансейіт Түймебаев мәселесі министр Саясат Нұрбектің қолында болып тұр.

Ректор туралы сұрақ күн тәртібіне бекер қойылып отырған жоқ. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті соңғы екі жылда түрлі жанжалдардан көз ашпай келеді. Біраз жанжалды ректор Түймебаевтің өзі туғызды.

Мысалы, 2023 жылдың күзінде ҚазҰУ «Ескі Қазақстандағы» әдетіне басып, Журналистика факультетінің бос аудиториясына Кемел Тоқаевтың атын бергізеді. Ол университеттің өз бастамасы болған. Алайда, шараға келген тәуелсіз БАҚ — «Азаттық радиосы» алдында ректор Түймебаев ұстамсыздық танытып, ол әрекеті ютубта кең таралады.

Артынан журналистика факультетінің деканаты «Азаттық радиосына» пікір бергені үшін дәріс оқып жүрген жас мұғалім Дастан Қастайды қудалай бастайды. Нақтырақ айтсақ, деканаттағы хатшы қыз Дастан Қастайға папкадағы делосын әкеліп беріп, «сіз өтпей қалдыңыз, енді сабаққа келмеңіз» деген.

Алайда Дастан Қастайдың осы мәселеге қатысты фейсбуктағы жазбасы үлкен резонанс тудырып, іске Жоғарғы білім министрі Саясат Нұрбек араласты. Одан кейін журналистика факультетіндегі деканның міндетін атқарушы жұмыстан кетті.

ҚазҰУ қазіргі күйінде ескі авторитарлы-консерваторлық, бюрократиялық механизмнің жиынтық образына ұқсайды. Университеттің ішкі бизнес-процестері ауыр және күрделі болғандықтан, оқу орнына серпінді даму өте қиын. Жаңа ректор жаңа энергия алып келе ала ма? Оны тек уақыт көрсетеді.

Фото ашық дереккөзден алынды.