Ажырасқан соң ортақ алған несиені кім төлейді?

0
131

«Қазақстандықтар үйленуге асықпайды» деген жаңалықты оқыған боларсыз жақында. БАҚ біткеннің бәрі таратты-ау деймін сол деректі. Соңғы 10 жылда ажырасушы жұптардың саны екі есе өскенін білеміз. Ненің «салқыны» тигенін кім білсін, некелесушілердің де саны азайғанын ресми статистика растап отыр, деп жазады Телеграмдағы Қаржылық сауат каналы. 

Ажырасу бір бөлек, есептесу де өз алдына бір бөлек шаруа. Өзімізше ізденіп көрдік. Ашық дереккөздерге сүйеніп, түйгенімізді жазайық, ел-жұрттың біліп жүргені артықтық етпейді деп шештік.

Бір жолы Tengrinews.kz заңгер Ержан Бекболаттың кеңесіне құлақ түріпті. Көп жағдайдың беті ашылған. Сонда ол: «қызықтың көкесі» мүлікті бөлуге келгенде басталады» дейді. Дау-жанжал, жұптардың түсінісе алмай «қырықпышақ» болуы осы процесс кезінде «сорпа бетіне көбік» боп шығады.

Жалпы, «неке келісімшарты» деген бар. Үйленіп жатқандар нотариус арқылы алдын ала келісімге отырады. Күні ертең ажырасып жатса, «мына заттар – сенің атыңда, мына заттар – менің атымда қалады» дегенді шешіп алу үшін жасалатын құжат. Егер жұбайлар арасында ол келісім қағаз жүзінде болмаса, онда тиісті Кодекске сәйкес мүлік сот шешімімен екі жаққа тең бөлінеді.

Бұл – бір. Енді екінші маңызды мәселе бар. Ол – жұбайлар арасындағы кредит пен қарыз мәселесі. Заңгердің айтуынша, неке кезінде отбасының қажеттілігі үшін кредит немесе қарыз алынған болса, онда оның қайтарымы ажырасушы жұптың екеуіне қатар жүктеледі. Егер алынған кредит немесе қарыз жұбайлардың бірінің ғана қажеттілігіне жұмсалған болса, онда қарызды өтеуге сол адамның өзі жауапкершілік алады.

Екі жақ келісе алмай, жағдай тіпті ушығар болса, онда несие беруші тарап, яғни банк немесе микроқаржы ұйымы қарызды екінші адамнан да талап етуге құқылы дейді заңгер Ержан Бекболат. Ал, жалпы, банктер несие алуға өтініш бергенде әрқашан ерлі-зайыптылардың келісімін талап ететінін біз айтпай-ақ жақсы білесіз.

P.S. Өмірде түрлі жағдай болады. Ешкім ештеңеден сақтандырылмаған. Жамандық шақыру ойымызда жоқ, бірақ, бұның бәрін Сіз бен біз біліп жүретін дүние деп білеміз. Ажырасу процесінің алдында адамдарда эмоция мықты болады. Соңғы қадамды жасамас бұрын алдағы есеп-қисапты ойша болса да бір реттеп алған артық болмайды.