Көш бағдарламасына триллиондаған теңге бөлінген

0
208

Таяуда Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Қостанай облыстарында халық саны азайып, оңтүстік, батыс аймақтарда және Астана, Алматы, Шымкент қалаларында  халық саны артып келе жатқанын айтты.

Оның сөзінше, бағдарлама нәтиже бермеді. 2017 жылдан бері халқы тығыз орналасқан аймақтардан ауылдары қаңырап босап жатқан солтүстік, шығыс және орталықтағы облыстарға ерікті отбасыларды көшіру бағдарламалары жұмысын бастаған болатын.

 Әу баста «Еңбек» атауымен іске қосылған көші-қон бағдарламасы әр кезеңде атауын өзгертіп, бүгінде «Қуатты ел дамуының драйвері» атымен жұмысын жалғастыруда. Жеті  жыл бойы тоқтаусыз жүрген бұл бағдарламалар жемісті нәтиже бермеді. Мұны енді сонау сенат төрінде ашық айтып бастады.

Бір ғана «Еңбек» бағдарламасына бүгінге дейін ел бюджетінен 500 млрд. теңгеден астам ақша бөлініпті. Ал 2021 жылы «Еңбектің» орнына келген «Қуатты өңірлер-ел драйвері» ұлттық бағдарламасы үшін қазынадан 7,6 триллион (!) теңге бөлу жоспарланған. Триллиондап теңге бөлінген көші-қон бағдарламасы күтілген нәтиженің ең болмаса жартысына қол жеткізді ме? Түркістан облысынан арнайы бағдарламамен Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданы, Айымжан ауылына қоныс аударған Әбілхайыр Жанысбекұлы бүгінде ауыл мектебінде тарих пәнінің мұғалімі.

Қоныс аударғандар не дейді?

«Көші-қон бағдарламасының жоспары әрине, керемет. Солтүстікте босап жатқан ауылды халыққа толтырып, аймақтың демографиялық проблемасын шешуде таптырмас құрал. Алайда бағдарламаны жасаудан бұрын, келетін азаматтарға жағдай жасау жағы қарастырылмағаны қынжылтады. Мәселен, мен тұратын Айымжан ауылында бүгінге дейін ауыз су мәселесі шешілмеген. Бүкіл ауыл халқы суды тасып ішеді. Сонымен қатар жол мәселесі сонау кеңес дәуірінен шешімі табылмаған десе болады. Қыста қардан әрең тазартатын жолымызда көктемгі балшықта жүріп өту қиямет-қайым дерсіз. Жыл сайын ел бюджетінен ауыз су, жол проблемасын шешуге миллиондап қаржы бөлініп жатқанын айтып, басшылар есеп беріп жатады. Алайда атқарылған шаруаны көрмейсіз»,- дейді Әбілхайыр Жанысбекұлы.

Ауылдар тоқтаусыз жабылуда

Солтүстік Қазақстан облысындағы ауылды халыққа толтыру мәселесінен гөрі ауылдарды сыртынан сатып, бар ауылды жабу науқаны қарқынды жүріп жатыр. Солтүстік Қазақстан- демография мәселесі күн тәртібінен түспеген аймақ. Соңғы үш жылда қаңырап босап жатқан ауылдар саны қарқынмен өсуде. Дәл қазірдің өзінде облыстағы жалпы саны 640 ауылдың 341-і біртіндеп елдімекен статусынан айырылуға жақын. Себебі теріскейден көшіп кетушілер саны күн санап артуда. Есіл ауданындағы Калиновка мен Славянка ауылдары тұтас босап қалса, ал Алқа ауылында небәрі 5 адам ғана тұрып жатыр. Ресей шекарасынан бір шақырым ғана жерде тұрған Жұмабаев ауданындағы Алуа ауылынан үрген итті таппайсыз. Айта берсе, мұндай мысалдарды мыңдап табуға болады.

Кері көшіп жатқандар аз емес

Оңтүстіктен арнайы бағдарламамен теріскейге қоныс аударған Айнұр Райымқұлқызы еріксіз кері көшкенін айтады. Солтүстік Қазақстан облысы, Уәлиханов ауылына көшіп барған ол үскірік аязда қабырғасы қағаздай жұқа үйде тоңып, екі баласын ауыртып алған. “Мемлекет тарапынан берілетін тегін үйлері сын көтермейді. Екі балам да қызуы түспей ауырып, әбден мазамыз қашты. Күн суытқалы аурудан бас көтермедік. Ішетін ауыз су дегендері тіпті жарамсыз деуге болады. Балшық дәмі татыған суды ішкен сайын денсаулығымыз сыр берді. “Үй береді” дегенге сеніп жылы орнын суытып, бұл жаққа көшіп келетіндерді осындай жайсыз проблемалар қарсы алады”,- деген ол теріскейдің төскейін мал-жанға толтырмас бұрын, ең алдымен жұртқа жағдай жасалуы керегін алға тартады.

Шешілмеген проблема шаш етектен

Оңтүстіктен келіп, Солтүстікке сіңісіп кететіндер көп емес. Өңірдің климатынан бөлек, инфрақұрылымы сын көтермейді. Барлық халыққа арналған жағдай тек қағаз жүзінде ғана “жүріп жатқанын” жоғары жақтағылар білмесе керек-ті. Әйтпесе, облыс орталығы Петропавлдың өзінде ауыз су мәселесі толық шешілмеген. Үй ішіндегі краннан су ішу мүмкін емес. Көпшілік суды сырттағы фильтр құрылғысынан литрін 15 теңгеден сатып алып ішіп отыр. Ал ауыл-аймақтағы жағдай тіпті, сұмдық. Мысалы, Мамлют ауданындағы Бостандық ауылында кәдімгі азық-түлік дүкені жоқ. Ал Аққайың ауданындағы ауылдардың жолдары ойдым-шұңқыр. Осындай мысалдарды көптеп келтіруге болады.

Мансап орталығы мандытып іс жасаса…

Ал енді көші-қон бағдарламасы бойынша жергілікті жауапты мекеме қызметкерлерінің атқарып жатқан жұмысы ауыз толтырып айтарлықтай емес. Интернеттегі әлеуметтік желілерде қарапайым азаматтардың өздері құрған топтарда Солтүстік Қазақстан облысына көшіп баруға ниетті кісілер бар. Өздері тұратын аймақтағы бұрынғы Жұмыспен қамту, қазіргі Мансап орталығына хабарласады. Мардымды ақпарат беретін адам жоқ. Содан азаматтар амалсыз әлеуметтік желілердегі топтарға сауал жолдап, жүгінуге мәжбүр. Мәселен, 2-3 апта бұрын “Солтүстікке көшсек деп едік. Аққайың ауданын таңдап отырмыз” деген маңғыстаулық ондаған кісінің сұрауы бойынша Аққайың аудандық көші-қонға жауапты қызметкерлерге хабарластық. Қандай жауап алдық? “Директормен сөйлесіп көріңіз” деген Айша есімді қызметкер біздің сұрақтарымыздың біріне де жауап бермеді, директорының да нөмірін бермеді. Дәл осындай жағдай Тимирязев аудандық көші-қон мәселесі бойынша қызметкерге қатысты болды. Аты-жөнін толық айтпағанымен қоймай, мардымды жауап беретін қызметкерді Солтүстік Қазақстан облысы, Жұмыспен қамту орталықтарынан табу қиямет-қайым. Көші-қон бағдарламасына тікелей жауапты қызметкерлер осылай енжарлық танытып, өзі ісін салғырт орындап отырғанда, демографиялық мәселе мен ел бюджетінен ысырап болып жатқан триллиондарды сөз етудің өзі артық болар, сірә?

Жұмыссыздық деңгейі бұл аймақта мәз емес

Биік мінберден атқарылған жұмыстар бойынша есеп берген Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің сөзіне қарасаң, еліміздегі инвестицияның ең үлкен бөлігін тартқан аймақ осы солтүстік өңірі екен. Сонымен қатар Ғ.Нұрмұхамбетовтің бір апталық іссапарына көз салсаң, бірде жылыжайда, енді бірде сүт зауытында, тағы бір қарасаң, құрылыс алаңдарында жүреді. Қағаз жүзінде Солтүстік Қазақстанда ашылып жатқан, жұмыс істеп тұрған зауыт пен шаруашылық нысандары аз емес. Алайда жарты миллионның айналасында халқы бар теріскейде жұмыс таппай сандалғандар саны сұмдық. Олай болса, оңтүстіктен-солтүстікке жұмыссыз қаңғып келуге кім құлшына қойсын?

Қорыта айтқанда, “Оңтүстіктен-Солтүстікке” көші-қон бағдарламасын жүзеге асырып, мақсатқа жетуде ерікті түрде көшетін азаматтардың емес, ең алдымен сол өңірдің жергілікті атқамінерлері белсенділік танытуы керек-ақ.

Меруерт ХУСАИНОВА,

Democrat.kz.