Путинді тағы да түлен түрте бастады ма?

0
251

Ресей президенті Владимир Путин Ресей әскери-техникалық тұрғыдан ядролық соғысқа дайын екенін айтты – ол қандай жағдайда тиісті сынақтар жүргізе алатынын нақтылады. Бұл туралы Democrat.kz ақпараттық порталы KAZ.NUR.KZ-ке сілтеме жасап  хабарлайды.

Жүргізуші Владимир Киселевке берген сұхбатында Путин Ресей әскери-техникалық тұрғыдан ядролық соғысқа дайын екенін айтты. «Әскери-техникалық тұрғыдан алғанда, біз, әрине, дайынбыз. Бізде олар (ядролық зымырандар — РБК ескертпесі) үнемі жауынгерлік әзірлікте тұрады», — деді Путин.

Сонымен бірге ол «Украинадағы соғыста ешқашан тактикалық қару қолдану ниеті болмағанын» қайталап айтты. Ресей президенті стратегияға сәйкес, ядролық қаруды «Ресей Федерациясының егемендігі мен тәуелсіздігіне» қауіп төнген жағдайда ғана қолдануы мүмкін екенін атап өтті.

Бұған қоса Путин егер Америка Құрама Штаттары ядролық сынақтар өткізетін болса, Ресей де солай жасауы мүмкін екенін айтты. Бұған дейін Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Ресей ядролық қаруды қандай да бір қауіп төнген жағдайда ғана қолданады деп мәлімдеген.

Ақпанда АҚШ Конгресі «қауіпсіздікке елеулі қатер» төнгенін мәлімдеді. Конгресс өкілдері оны Ресеймен және ғарыштағы ядролық қарумен байланыстырды.

Фото ашық дереккөзден алынды.