Әке-шешесінің байлығы Бишімбаевты ауыр жазадан құтқара ала ма?

0
444

Қуандық Бишімбаевты әке-шешесінің «байлығы» ауыр жазадан құтқара алмайды, деп жазады журналист Ораз Әлімбеков өзінің Facebook парақшасында.

“Соңғы жарты жыл бойы ақпараттық алаңдағы басты тақырып – экс-министр Қуандық Бишімбаевтың қолынан қаза тапқан оның әйелі Салтанат Нүкенованың өлімі.

Қуандық Бишімбаевқа әйелін азаптау және аса қатыгездікпен өлтіру баптары бойынша айып тағылған. Қоғамды дүр сілкіндірген бұл істе оны айыптап, «кінәлі лайықты жазасын алуы тиіс» деушілер де, жауыз экс-министрді «сүттен ақ, судан таза» қылып ақтап алуға тырысқандар да бар.

Сараптама нәтижесі мен заңгерлердің, қоғам белсенділері мен Нүкенованың туыстарының мәлімдемелеріне қарамастан «Бишімбаев кінәсіз, өлім жазатайым оқиға салдарынан туды» деп, әлеуметтік желі мен БАҚ-ты шулатқан журналистер де, блогерлер де табылып жатты.

Әрине, осы тұста халықтың көкейінде «Олардың ұртын майлаған ақша ма, Бишімбаевтың ата-анасының қоғамдағы ықпалы ма?» деген орынды сұрақ туады.

Жалпы, Қуандық Бишімбаев бай-бақуатты, ықпалды отбасының тумасы екені анық, оны жұрттың бәрі біледі. Алайда «Ескі Қазақстан» элитасының қатарында болған Бишімбаевтар әулеті байлығын қалай жиғаны жайлы көп айтыла бермейді.

Мысалға Бишімбаевтың анасы, 71 жасар Альмира Нұрлыбекованың тұлғасы мен бизнесі жайлы айтайық.

Нұрлыбекова біраз жыл бойы кәсіпкерлікпен айналысып келе жатқан азаматша. Қазір оның атына бірнеше компания тіркелген екен. Олар төлеп отырған салық көлемі ауыз толтырып айтарлықтай-ақ. Бір қызығы, бұның бәріне Нұрлыбекова зейнеткерлікке шыққаннан кейін ие болған. Енді сол компаниялар мен олар төлеп отырған салыққа жеке-жеке тоқталып өтсек (ақпараттың бәрі ашық дереккөзден).

«Ezy Park» ЖШС — Салтанат Нүкенова өлтірілген орын, бұл BAU атты астаналық мейрамхана осы серіктестікке тиесілі. Олар қызмет еткен 5 жылда, яғни 2019 жылдан бері 105,2 млн теңге салық төлеген. Соның жартысына жуығы, яғни 49,8 млн теңге 2023 жылы төленген.

Келесі «Sapa Logistics» ЖШС, оның 2015 жылдан бері төлеген салық көлемі тіпті көп – 852,6 млн теңге, ал 2023 жылы – 209 млн теңгені құраған. Бір жылдағы салықтың көлемі 209 млн болса, жалпы табысы қанша екенін өздеріңіз есептей беріңіздер.

Нұрлыбековаға тиесілі тағы бір кәсіпорын – «Наубет-II» ЖШС, алайда бұл компания 2022 жылдан бері қызметін тоқтатқан секілді. Ал 2015 жылдан бері төлеген салығы 74 мың теңгені ғана құраған екен. Алайда 7 жыл ішінде осындай аз сомада табыс тапты дегені адам сенгісіз сөз. Әлде бармақ басты, көз қыстылыққа жол берілді ме екен, ол жағы енді белгісіз.

2023 жылы 72,7 млн теңге, ал 2015 жылдан бері 230,3 млн теңге салық төлеген Нұрлыбековаға тиесілі келесі компания – «Техникалық лицей» жеке мекемесі. Шымкентте тіркелген лицей 2002 жылдан бері қызмет атқарады, 2020 жылдан бастап жалғыз иесі – Альмира Нұрлыбекова.

Ұйым 2021-2022 жылдар аралығында 190 миллион теңгеден астам сомаға мемлекеттік келісім-шарттар жасаған. «Қаржы орталығы» АҚ тұлғасындағы бір ғана тапсырыс берушісі бар.

Нұрлыбековаға тиесілі 5-ші жеке компания — Alawwal Partners Ltd. 2021 жылдан бері 5,8 млн теңге, 2023 жылы 2,1 млн теңге салық төлеген. Және соңғысы – «Success ABN» ЖШС, оның 2021 жылдан бергі салығы – 3,7 млн теңгені, ал 2023 жылы салы 1,9 млн теңгені құраған.

Бір айта кететін жайт, жоғарыда аталған компаниялардың көп бөлігіне Бишімбаевтың анасымен қатар, оның туыстары да басшылық етеді. Яғни отбасылық бизнес.

Қарап отырсақ, Қ.Бишімбаевтың шешесінң бір басында миллиондаған салық төлеп отырған қаншама компания бар. Әрі оның бәріне зейнеткерлікке шыққаннан кейін ие болған. Қызық екен…. Ал Қуандықтың әкесі мен басқа туыстарын айтсақ, Бишімбаевтар отбасының «Ескі Қазақстан» тұсында жалғанды жалпағынан басып жүрген элита өкілдері болғанын көреміз. Сондықтан да Қуандықтың туыстары блогерлер мен журналистерге майшелпек беріп қойып, жауыз баласын ақтап алуға тырысқан болар.

Алайда, енді Қазақстан басшылығы да, азаматтық қоғам да қандай да бір құйтырқы әрекет көз жұмып қарап отыра алмайды. Бишімбаевтардың да, Нұрлыбековалардың да қандай бизнесі, қандай байлығы мен билігі болғанына қарамастан кінәлі адам қылмысына сәйкес жазасын алуы тиіс” дейді журналист өзінің зерттеу мақаласында.

Фото ашық дереккөзден алынды.