Осындайда алаяқтар да қаптайды

0
225

Cу тасқыны салдарымен күрес жалғасуда. Өкінішке орай жақында басқа да өңірлер қосылуы мүмкін, себебі қалың қар жауған шығыс пен солтүстіктің кей аймағында қар енді ери бастаған. Бұл ірілі-ұсақты өзен-көлдің су деңгейін көтереді дейді мамандар.

Қазіргі статистикаға назар аударсақ, сандар келесідей: Тасқын басталғалы бері 4,6 млн астам еріген қар суы сорылып, 370 мыңнан астам қаптар мен 728 мың тонна инертті материал төселген екен. 309 жеке тұрғын үй мен 759 аула аумағынан су шығарылған.

Жалпы саны 13 659 адам эвакуацияланыпты, оның 5 250 бала. Бүгінде Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Ақмола, Атырау, Қостанай облыстарында уақытша орналастыру пункттерін 6 034 адам паналап отыр. Бүгінге дейін Жедел желі телефондарына 604 қоңырау келіп түскен. Қазіргі таңда 20 өңірде республикалық және облыстық жедел штабтар жұмыс істеп тұр. Қазіргі басты назарда халықтың амандығы болу керек.

Осы мақсатта қазір авариялық-құтқару жұмыстарына 8 458 адам, 2 124 техника, 808 су айдау құралы мен 65 жүзу құралы, 12 әуе кемесі жұмылдырылған екен. Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Ұлытау, Абай облыстарында 49 елді-мекен көлік қатынасынсыз қалған. Бұл елді-мекендерде қазір жергілікті атқарушы органдар қажетті азық-түлік пен дәрі-дәрмек қорларын қамтамасыз етуді жалғастыруда.

Алайда әлеуметтік желілерде тарап жатқан видеожазбаларды көріп жатырмыз. Су астына кетіп жатқан үйлер, тіпті бүтіндей ауылдар бар. Ашық деректерге сүйенсек, 1 257 жеке тұрғын үй мен 400 аула аумағы су астында қалып кеткен екен. Кей видеоларда тұтас ауылдар су астына қалғаны көрінеді. Суға кеткен малдың саны әлі есептелмеген, апат біткен соң бірақ есептейтін болар.

Қазір халық қолынан келгенше көмек көрсетуде. Украина мен Түркияға да көмек көрсеттік қой деп, қолдан келгенше ақша аударып қойдық. Қазіргі қиын-қыстау сәтті пайдаланып, ақша жасап қалғысы келетін алаяқтар да жеткілікті. Сондықтан да егер көмек көрсеткіңіз келсе, Kaspi.kz – «Қайырымдылық» — «Biz Birgemiz Qazaqstan» ҚҚ арқылы көмек қаражатын аударған дұрыс деп ойлаймын. Сенімді дегенім ғой.

Бірақ көмек көрсету ең алдымен Үкіметтің ісі. Халық онсыз да салығын төлеп отыр. Осыған байланысты президенттің қатысуымен су тасқыны зардаптарын жоюға байланысты бүгін жиын өтті. Тоқаев Үкімет пен әкімдіктің жұмысын сынға алып, жыл сайын қайталанатын апаттарға дайындалу үшін қаржы бөлінсе де, тиісті жұмыстың нәтижесіне көңілі толмайтынын айтты.

Ол зардап шеккендерге су деңгейі түсіп, жағдай қалыпқа келген соң шығындар толығымен өтелетін жеткізді. Ол үшін «Самұрық қазына» сияқты, «Қазақстан халқына» қоры іспеттес құрылымдардан бөлек, ірі бизнес өкілдерін де көмектесуге тартпақ. Жағдайды президент тікелей бақылауға алатынын айтты.

Осы көмектің әр зардап шегушіге жетуін қадағалау маңызды. Себебі осындай сәтте көмекті екі есе алатындар мен түксіз қалатындар болады. Ол көмекті жеткізу және ұйымдастыру жұмыстарына байланысты.

Асхат ҚАСЕНҒАЛИДІҢ

Facebook  парақшасынан.

Фото ашық дереккөзден алынды.