Нағыз әйел қандай болуы керек?

0
233

Facebook әлеуметтік желісінде Жанна Есеналы әйелге тән қасиеттер жөнінде ашық дереккөзден алған ақпаратымен бөлісті. Бұрынғы әйелдерімізге бұл сипаттама дөп келер-ау, қазіргі қыз-келіншектеріміз бұған не айтар екен деген мақсатта ақпараттық порталымызда жариялауды жөн көрдік.

Əйел орамал тақпаса – арын ұмытады. Күйеуінің барын ұмытады! Шашы – тамаққа түседі, өзіне келген қонақтың назары түседі. Сəлем салмаса – өзін сыйлайтын қайын ата, қайын ағадан айырылады, тегін батадан қайырылады! Қыз қалыптан əйел болуға көндіретін ол – сəлемі, жат жұрттың алдындағы əдебі! Қыз күнін қиып, қыдыруын тыйған – қатын болады!

Қатын болған адам – қазанға, отқа жақын болады. Құрсағын кеңітіп, бала тапқан – кең болады! Алпыс екі тамырын иіткен ана болады! Басқа салғаннан ой түйіп, тағдырына бас игенге құдай өзі пана болады!

Үлкеннен көргенін бойына сіңіріп, өзі де сол əулетке сіңген келін – дана болады! Ой, қазір жастарды емес үлкендерді тəрбиелеу керек сияқты ғой! Бүркіт көзіне көрінгенді алмайды, көңілдегісін алады. Ақылды атаның баласы ерегіспей, тектілігіне салады. Көргеніңе көз жұм да, көңілдегіңді істе!

Жақсы келін ата-енесін бағады. Ата-анасы ұнатқанды – отағасы жылатпайды! Кемінде алты бала тапқанның не айтса да сөзінің құнары болады, қамықса – қарайтын “шырағы” болады.

Аз бала тапқанның тыпыршып айтар “ұраны”болады. Көп баласы бардың – шөлдетпейтін бұлағы болады. Əйел – келін болмаса, керім болмайды. Ана болмаса, ене болмайды. Ене бола алмаса – əдепті келіні жəне болмайды! Бəрі əйелге байланысты емес қой.

Ер азамат та жəрдем беруі қажет! Дұрыс! Азамат таппаса – ақшада береке болмайды! Дүние тапқанмен, баққаны көше болса – екі дүниеде сорлайды! Еркегі үйіне қонбайтын үйдің – қызы етегін жаппайды, еркіндік сақтайды.

Қылық сақтап, қымсынбайды. Айналасын жинайын деп ұмсынбайды! Ұлы – ұсақтау, бəдік болады, қатындардың тірлігіне қанық болады! Əйелі ашынып жүреді, бір ысып, бір суып, басылып жүреді.

Көршімен əңгімешіл боп, үйі бықсып, шашылып жүреді. Ондай əйелден – əдеп сақтар жар, салиқалы ана шықпайды. Еркекті ерітетін де – əйел, жерітетін де – əйел! Беделін биік қып, абыройын кемітетін де – əйел!

Əйел жұмсақ болмаса – ер далаға қашады. Далада жүріп көп былыққа араласады. Араласқан соң – тапа тал түсте сөз таппай сасады, əрнəрсені сылтау ғып, өтірік ғайбат шашады. Əйелі жақсының ағайыны айналасында жүреді. Ұрпағы ізетті болады!

Фото ашық дереккөзден алынды.