“Бала үшін төзудің қажеті жоқ” деп министр үндеу жасады

0
389

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталған Қуандық Бишімбаевтың ісініе қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Министр сот отырысының ашық форматта өтіп жатқанын және барлығы заң бойынша қаралатынын атап өтті.

«Сот әділ шешім шығаратынына сенімдімін. Мемлекет басшысы айтып отырған заң мен тәртіп үстемдігі қамтамасыз етіледі. Әйел ретінде де, ана ретінде де Салтанаттың жақындары мен анасының қайғысына ортақпын. Оны ұрып-соққан жантүршігерлік бейнені көру — өте ауыр», — деді Аида Балаева Время газетіне берген сұқбатында.

Айтуынша, Салтанат отбасылық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен жандардың темірқазығына айналды.

«Ашық сот қылмыскерлерді зорлық-зомбылықтан тыйып, көптеген адамның өмірін сақтап қалады деп сенемін. Мен барлық қызға, барлық әйелге үндеу жасағым келеді. Бір рет қол көтерген адам өзгереді деп алдамшы ойдың жетегінде жүруге болмайды. Ол өзгермейді! Егер әйелді ұрып-соғуға, кемсітуге қабілетті болса, ол адамгершіліктен де ада», — деді Аида Балаева

Осы тұста министр зорлық-зомбылыққа жол бермеуге шақырды.

«Шыдаудың, сен оны, ол сені сүйеді, балалар үшін төзу қажет деп, өзіңді де, оны да алдаудың керегі жоқ. Ажырасу — ұят емес. Маған сеніңіз, ұрып-соғу тек жиілеп, күшейе береді. Жазадан жалтару әрқашан келеңсіздік тудырады. Адамның қадір-қасиетін қорлауға, әсіресе, ұрып-соғуға ешкімнің құқығы жоқ. Тағы қайталап айтамын: соттың әділ шешім шығаратынына сенімдімін», — деді ол.

Еске салайық, экс-министр Қуандық Бишімбаетың ісі елорданың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралып жатыр. Сот төрағасы — Айжан Құлбаева. Сот процесін көпшілік тікелей эфирде тамашалауда.

Ал қазақстандықтар әлеуметтік желілерде азаппен қаза тапқан Салтанат Нүкенованың отбасын қолдауға арналған акциялар мен флешмобтар өткізіп, петициялар жазып жатыр.

Фото ашық дереккөзден алынды.