Қазақ өз қайғысымен тағы жалғыз қалды

0
1391

Еліміздің бірнеше өңірін су алып, қаншама ауылдарымыз тасқынның астында қалды. Бұл зауалдың беті әлі де қайтпады. Алайда әзірге Қазақстанға жан-жақтағы елдің ешбірінен көмек келмеді деп жазады Democrat.kz ақпараттық порталы.

Осы мәселеге орай әлеуметтік желілерде де сұрау салған жазбалар жиі шығуда. “Арабия дегенде арамтер болғандар, Түркия дегенде түкірігі шашырайтындар, қайдасыңдар? Өзге дегенде емешегі үзілгендер, мына апаттан сабақ аламыз! Қырғыздан басқасынан қандай да бір көмек келді дегенді естімедік” деп жазады  Әліби Манаш. Ал қоғам белсендісі Мәди Сырымбет: “Перуде біреу баспалдақтан құлап қалды десе ақша жинай жөнелеміз. Бұл біздің халықтың халықаралық жаңалықты құр жібермейтінін білдіреді. Ең оқымаған деген қазақтың өзі жиырма елдің астанасы, туын, қай жерде екенін айтып бере алады.

Кейбіріміз түріктер неге бізге көмектеспейді деп жатырмыз. Олардың халқы біздегі жаңалықтан хабарсыз да болуы мүмкін. Оларды бізде не болып жатқаны қызықтырмауы да мүмкін. Сондықтан басқа елдерде апаттар болса халықтан ақша жинауды қою керек. Мемлекет бар, билік бар. Халықаралық шарттарға сай мемлекетаралық көмекті береді. Қазақтар Париждегі ғимарат өртеніп кеткен кезде де ақша жинаған. Бұған ешкім рақмет айтпайды. Өз елімізді дұрыстап алайық. Енді өзімізге қатысы жоқ халықаралық жаңалыққа бас ауыртпай-ақ қойған дұрыс”,- деп пікірін жариялады.

Айтса, айтқанындай, бүгінге дейін тек қырғыз бауырлардан басқа тырс еткен көршіні, жаны шырқыраған бауырды көрмедік. Шекарамыз бір Өзбекстаннан да, Әзербайжаннан да, алыстағы ағайынымыз Түркиядан да “ау, бауырларымыз суға батып жатыр ғой, жәрдем етейік” деген емеуріннің болмауын қалай түсінбек керек?

Бір әлеуметтік желі қолданушы “Палестина деп жанымыз шырқырап еді” деп жазыпты. Палестиндіктер жер бетінде Қазақстан деген мемлекеттің барынан хабары бар ма, өзі? Әлемдік жаңалыққа жіті көз тіккен қазақтар ғана ғой, кімнің жаны қиналса, қолындағы соңғы барын беріп, құрақ ұшатын. Ал енді өз басына зауал келген шақта айдалада қайғысымен бетпе-бет жалғыз қалғаны қалай?

Меруерт ХУСАИНОВА,

Democrat.kz.

Фото ашық дереккөзден алынды.