Ресейдегі су тасқынында вирус жұқтырғандар бар
Қазіргі уақытта Ресейдің 38 аймағын су шайып кетті. Жағдай Орынбор облысында тіпті ушығып тұр. Бұл жақта соңғы 100 жылда болмаған су көтерілу жағдайы тіркелді деп хабарлайды Democrat.kz ақпараттық порталы riamo.ru/news-ке сілтеме жасап.
Орынбор облысында 10 мыңнан астам үй суға кетті. 18 мыңнан астам саяжай жерлерін су шайды. 6 мыңнан астам адам қауіпсіз жерлерге көшірілді.
Алайда орынборлық жергілікті билік өкілдерінің мәліметінше, су тасқынының шырқау шегі 10 сәуірге қарай болуы әбден мүмкін. Сонымен қатар алдағы 10 күнде толассыз жауын жауу ықтималы жоғары дейді. Жағдай 20 сәуірден кейін тұрақтала бастайды деп күтілуде.
Сондай-ақ жергілікті ауруханаларда стационарлы көмек беру қызметі уақытша тоқтатылды. Мұнан бөлек, орталық ауыз су жүйесінен су ішкен 18 адам ішек вирусын жұқтырғаны мәлім болды.
Фото ашық дереккөзден алынды.