Көмекке берілген азық-түлікті талан-таражға түскен бе?

0
234

Орал қаласының белсенділері су тасқынынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмекті әкімдік арқылы жібермеуді сұрады. Бұл туралы Democrat.kz. ақпараттық порталы Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды. 

Еріктілер көмекті Қызыл Жарты ай қоғамының үйлестірушілері арқылы беруді өтінді. Себебі әкімдік қызметкерлері келген гуманитарлық көмекті су тасқынынан зардап шеккендерге бермей, қойма есігін құлыптап отыр екен. Мұны белсенді видеоға түсіріп, желіге жүктеген. Видеодан ерікті мен әкімнің сөзге келгенін байқауға болады.

Ол әкімнен гуманитарлық көмекті не себепті қоймаға жасырып, халыққа бермей отырғанын сұрады.

“Келген көмек сізге де, маған да тиесілі емес. Ол су тасқынынан зардап шеккен халыққа берілуі керек. Не себепті оны ішке кіргізіп, қоймаға жасырып, есігін құлыптап алып отырсыз”, – деді белсенді.

Ал әкім ауылда көмектесіп жүрген 100 сарбаз барын, азық-түліктің соларға берілетінін жеткізді.

Ерікті гуманитарлық көмекті жинау штабының мектеп ғимаратынан көшіп кеткенін айтты. Қазір олар жақын маңдағы мейрамханада орналасқан. Белсендінің айтуынша, ол жақта инфрақұрылым әлдеқайда дамыған.

Әлеуметтік желіге жарияланған гуманитарлық көмек жөніндегі видеоға қатысты Бәйтерек ауданы пікір білдірді. Болған жағдайды Дариян ауылдық округінің әкімі Тілек Какенов пен Жастар ресурстық орталығының басшысы Жанар Губашева түсіндірді.

“Кеше жергілікті тұрғын Әли Өксікбайдың әлеуметтік желіге жариялаған видеосы шындыққа жанаспайды. Келген гуманитарлық көмекті әкімдік мәдениет үйінде жинайды. Сондықтан келіп жатқан гуманитарлық көмек осы жерге түсіріліп, осы жерден басқа округтерге таратылады”, – деді әкім.

Ал жастар ресурстық орталығы басшысының сөзінше, Бәйтерек ауданының Жайық жағасында тұрған ауылдық округтерге келген гуманитарлық көмек барлық жерге тұтас таратылған.

Фото ашық дереккөзден алынды.