Мемлекеттік тілді менсінбейтін банкке бойкот жариялады

0
858

Қазақстандық Forte Bank қызметкерлерді аларда “қазақ тілін білудің қажеті жоқ” деген шарт қоятыны қазақ қоғамын шулатқан болатын. Осыған орай  QAZBILIM ұлттық лицейлері бұл банкпен жұмыс істеуін тоқтататынын мәлімдеді деп хабарлайды Democrat.kz. Ақпараттық порталы.

Мемлекеттік тілге немқұрайлы қарайды деп қоғам тарапынан айыпталған Forte Bank әлгі шартқа байланысты түрлі уәждерін айтып әлі де ақталуда. Алайда қазақстандықтардың бірі бұл банктегі жеке шоттарын жапса, енді бірі бұл банктің қызметіне мүлде жүгінбеуге шақыруда.

Ал QAZBILIM ұлттық лицейлері Forte Bankпен арадағы әріптестік қызметін түбегейлі тоқтатты. Бұл туралы QAZBILIM ұлттық лицейінің негізін қалаушы, ұстаз Аятжан Ахметжанұлы ресми мәлімдеді.

“Қазақ тілін жүйелі іспен қорғамасақ, форте банк секілділер ұлттың тілін мәңгі мазақ ете береді!

QAZBILIM ұлттық лицейлері 8 қалада 420 дан астам қызметкер бүгінге дейін жалақысын ForteBank-тен алып келген еді.

Форте банк ұлттың тілін қажет етпесе, онда QAZBILIM Ұлттық лицейлері қызметкерлері де Форте банктің картасын қажет етпейді. Қолданбайды. Бұдан былай жалақыны басқа банктен алатын боламыз!

Бұл QAZBILIM GROUP компаниясы басқармасының ресми шешімі. Біз толық қанды форте банк қызметінен бас тартып, ұстаздарымыз бен қызметкерлеріміздің жалақысын ресми түрде басқа банкке ауыстырамыз!

Форте банкке бойкот!

Қазақ тілін қажет етпейтін банкті қазақ елі де қежет етпеуі қажет. Бұны сөзбен емес, іспен, нақты шешіммен көрсетеміз!

Біз мыңдаған мектептер Форте банктен бас тартса, он мыңдаған қолданушысынан айырылар еді. Сонда ғана бұндай астамсығандар есін жияды!

Ал, біз бас тарттық!

Сіздердің де бас тартқандарың жөн компаниялар, мектептер, емханалар, күллі мемлекеттік органдар!

Кіжініп отырмай, нақты жауап берейік!” деп жазды Аятжан Ахметжанұлы өзінің Facebook парақшасында.

Фото ашық дереккөзден алынды.