“Салтанат сияқты ажал құшудан қорықтым” дейді Карина Мамаш

0
703

Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Қазақстан елшілігінің дипломаты Сәкен Мамаштың әйелі Карина Мамаш Ютубтағы “Nukte” арнасына сұхбат беріп, көрген қорлықтарын бүкпесіз айтып берді деп жазады Democrat.kz. ақпараттық порталы.

Сұхбат барысында Карина күйеуінің өзіне көрсеткен зәбірі мен аяусыз әрекеттерін айтып: “Сәкен бірінші балама аяғым ауыр кезден қол жұмсауды бастады. Мені ұрып-соғуы үшін түрлі себеп табатын. Ең жаныма бататыны, мені адам ретінде сыйлау былай тұрсын, “ей!” деп атымды атамай шақыратын.

Ал айналасындағы достары үшін бұл қалыпты құбылыс еді. Достарының алдында мазақ етіп, қорлау күйеуіме түк тұрмайтын”,-дейді. Сонымен қатар Карина әлеуметтік желіде видео жариялап, жәрдем сұраған күніне дейін басынан өткен сұмдық жайттарды бүкпесіз айтып берді.

17 жасар Каринаға үйленген Сәкен Мамаш ол кезде орта жастан асқан кісі болған. Шымкенттік Сәкен Мамаш үйленген әйелін жеке мүлкі деп санағаны сонша, тіпті “бұл менің әйелім. Оған не істесем де өзім білем” деген сөзді жиі қолданады екен. “Қит етсе, жұдырық ала жүгіреді.

Бір кездері күйеуімнің соққысынан денемді көтере алмай, бүктетіліп 2-3 күн жатып қалатын кездерім де болған. Ең сорақысы, әбден тепкіліп, қан-жоса етіп сабап алып, артынан зорлайтын”,- деген Карина осы тұста көз жасына ерік берді.

Ал күйеуін қандай адам деп сипаттайсыз деген сұраққа: “Менің жанымда басқа, достарының қасында мүлде басқа, ал қызметінде тіпті басқа кейіптегі адам. Жәрдем сұрап, видео жариялаған соң, БАЭ-гі біздің елшілік дүр сілкінді.

Міне, сол қызметіне тікелей қауіп төнген кезде, Сәкеннің өлердегі сөздерді айтып жалынғанын көрсеңіз. “Балаларымыздың болашағын ойла. Қызметтен айырылсам, қазіргідей өмір жоқ. Қазіргідей шетелде өмір сүрмейміз. Полицияға шағым түсірме” деп жалынды”-дейді Карина.

“Мен Салтанат (Нүкенова-ред) сияқты ажал құшудан қорықтым. Қазір өзімді абьюзерден қорғап, одан қазір құтылмасам, менің де Салтанат секілді ажал құшуым әбден мүмкін екенін түсіндім. Сол себепті жәрдем сұрап, видео жарияладым”,-деген Карина Сәкен Мамаштың үстінен полицияға арызданғанын, ендігі мәселе сотта қаралатынын жеткізді.

Фото ашық дереккөзден алынды.