Боксшы ауыр соққыдан көз жұмды

0
207

Орта салмақ дәрежесіндегі британиялық боксшы Шериф Лаваль 12 мамырда кәсіпқой рингтегі дебютінен кейін көз жұмды деп хабарлайды Democrat.kz. Ақпараттық порталы KAZ.NUR.KZ-ке   сілтеме жасап хабарлайды.

29 жастағы Лаваль кәсіпқой рингтегі алғашқы жекпе-жегін отандасы Малам Варелаға қарсы өткізді. Кездесу алты раундқа жоспарланған еді. Төртінші раундта Лаваль самайдан соққы алып, есінен танып қалды.

Төреші Ли Эвери нокдаун жариялау үшін санай бастады, бірақ бірден жекпе-жекті тоқтату туралы шешім қабылдады. Кезекші дәрігерлер дефибрилляторды қолданар алдында спортшыға 10-15 минут ішінде алғашқы медициналық көмек көрсеткен.

Содан кейін Лаваль жақын маңдағы ауруханаға жеткізілді. Артынша ол көз жұмды. Дәрігерлер оның өлімі жүрегі тоқтап қалғаннан болғанын айтты. Осы оқиғадан кейін бокс кеші тоқтатылды. «Оның медициналық қорытындылары өте жақсы болды және бізде оның бабында болғанын растайтын дәрігердің қорытындысы бар.

Бұл қорқынышты және қайғылы жағдай», — деді британиялық боксты бақылау кеңесінің бас хатшысы Роберт Смит. Шериф Лаваль 2018 жылдан бері бокспен айналысқан. Сондай-ақ ол Ұлыбританияның әуесқой былғары қолғап шеберлері арасындағы чемпионатына қатысқан.

Фото ашық дереккөзден алынды.